Болашаққа деген сенімді нығайтады

Болашаққа деген сенімді нығайтады

2018 жылғы 10 қаңтарда мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауы жаңа әлемге бейімделу және жетістікке жету жолын табуды көздейді. Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары мемлекеттің қарыштап дамуының бағдарын айқындап, межеленген міндеттерді саралауға әрі ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Жаңа мақсаттар мен міндеттерге, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Президенттің осындай жоспарлары халықтың болашаққа деген сенімін нығайтары сөзсіз.
Қазіргі жаһандық заманда «Төртінші өнеркәсіптік революция» дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып, жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескере отырып, Мемлекет басшысы нақты он міндетті атап көрсетті. Аталған міндеттер еліміздің дамуының барлық салаларына серпін береді, соның ішінде жемқорлықпен күрес бағыттары маңызды орын алады.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні даусыз. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күресу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Елімізде 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны да баршамызға мәлім. Қорытындылай келгенде, жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіріп, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын алып, барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізуі керек.
Жемқорлықпен күрес – жалпыға ортақ міндет.
Р. МАДИЯРОВ,
аудандық Әділет басқармасының басшысы,
заңгерлер одағының мүшесі.