Өндіріс орындары өркендеп келеді

Өндіріс орындары өркендеп келеді

Осы аптада аудан әкімі Жандарбек Далабаев жұмыс сапарымен шығып, орынбасары М.Әмірғалиевпен және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы І.Қалиевпен бірге округтердегі бірқатар өндіріс орындарын аралады. Жергілікті жердің ғана емес, жалпы өңірдің өркендеуіне үлес қосып отырған инвесторлармен, іскер азаматтармен жақын танысу, олардың болашаққа деген жоспарларын білу мақсатында Жандарбек Ермекұлы сейсенбі күні Қаскелең қаласындағы «Хамле Компани ЛТД» мен Райымбек округіндегі «Kagazy Recycling» ЖШС-теріне барса, сәрсенбінің сәтінде Елтай округіне ат басын бұрып, осындағы «Кока-кола Алматы Боттлерс « БК» ЖШС-нің, «Эфес Қазақстан» сыра зауытының, «RG Brands Kazakhstan» серіктестігіне қарасты «Ақсеңгір» филиалының, сондай-ақ, кондитерлік өнімдер өндіретін «Алматы продукт» ЖШС-нің тыныс-тіршілігін байқап, іс қарқынына оң бағасын берді.

«Хамле Компани ЛТД» ЖШС

Қазақстан Тәулсіздігін жариялағанда ең алғашқы мойындаған Түркия мемлекеті Орта Азия аумағында өз кәсіптерін ашып, еліміздің экономикасының дамуына да үлестерін қосқаны белгілі. 1995 жылы Қаскелеңде «Pladis» компаниялар тобының өкілдігі болып табылатын «Хамле Компани ЛТД» ЖШС-нің де негізі қаланып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Содан бері конфет-печенье, бисквитті тәттілердің сан алуан түрін шығаратын кәсіпорын тек өркендеу үстінде. Бүгінде 800-ден астам еңбек орнын ұсынып отырған кәсіпорынның алға қойып отырған мақсаты импорт бағытын арттыру. Қазірдің өзінде Қазақстанның барлық өңірлерін айтпағанда, Ресей, Түркменстан, Әзірбайжан мемлекеттері мен Қытайдың Шыңжаң автономиясында тауарларына сұраныс көп компания алдағы уақытта аспан асты елінің ішкі нарығына өтуді мақсат етуде.
Ауданның бірінші басшысының әдейілеп келіп, кішіпейілділік пен сыйластық танытқанына ризашылығын білдірген кәсіпорынның бас директоры Явуз Юрдгудер тілмашы арқылы өзі жетекшілік ететін мекеменің тыныс-тіршілігін баяндап, басқа да жақсы жаңалықтар жайында әңгімелеп берді. Мысалы, былтыр «Pladis» фирмасының ең үлкен инвестициясы осы «Хамлеге» салынған. Модернизациялау бағытында 25 млн евро жұмсалып, Еуропа мен Америкадан әмбебап құрылғылар алдыру арқылы жаңа желі іске қосылып отыр. Сол арқылы жылына 12 мың тоннаны құрайтын өндіріс көлемі 20 мыңнан да жоғарылайды деп күтілуде. Алдағы басты мұрат – Қаскелең қаласындағы осы компанияны «Pladis»-тің өндіріс орталығына айналдыру.
– Біз «Хамлені» ғана өркендетіп қоймаймыз, сол арқылы Қарасай ауданының, Қаскелең қаласының да атын асқақтатуды көздейміз. Жалпы, бұл аудан инвесторлар үшін өте қолайлы жер. Алып мегаполис іргесінде, бір жарым сағат жүрсең Қырғызстан, үш сағат жол тартсаң Қытай шекаралас тұр. Үлкен шаруаны қолға алып, ісін өрге бастыруды, солай жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге үлес қосам деушілерге де жақсы көңіл бөлінеді, — деген Явуз Юрдгудер еліміздікіндей сапалы әрі таза бидай еш мемлекетте жоқ екеніне ерекше тоқталды.
Емен-жарқын жылы сұхбатты Елбасының саясатын жүзеге асыруға бизнесмендер де, мемлекеттік қызметшілер де, былайша айтқанда, жалпы халық ауызбіршілікпен атсалысуы керектігін, алда да өңірді өркендету жолындағы ынтымақтастық жалғасын табатындығын айтып қорытындылаған аудан әкімі зауыт ішін толықтай аралап көрді.

«Kagazy Recycling» ЖШС

Іргелі округіне қарасты Абай ауылында орналасқан «Kagazy Recycling» ЖШС басшылығы да аудан әкімін үлкен қуанышпен қарсы алып, бірден зауытқа бастап жүрді. Аталған серіктестік «Қазақстан Қағазы» АҚ-ның еншілес ұйымы. Компанияның негізгі қызметі қалдық қағаздың қайталама шикізатынан қағаз, картон және гофрленген өнімдерді өндіру болып табылады. Бұл – макулатураны жинаудан бастап, дайын өнімді шығарғанға дейін толық өндіріс циклі бар тік интеграцияланған бизнес. Жыл сайын 50 мың тоннадан астам макулатураны жинай отырып, «Kagazy Recycling» ЖШС шамамен 500 мың ересек ағашты немесе 10 шаршы километр орманды кесуден сақтайды. Қайта өңдеу зауытының жобалық қуаты 12 айда шамамен 60480 тоннаны құрайды. 2016 жылы компания жыл сайынғы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы мәселелері жөніндегі «Сенім-2016» конкурсына қатысып, 2-орын және диплом алған. Ал, былтыр серіктестік ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша үздік кәсіпорын деп танылды.
Биыл наурызда компания таза суды тұтынуды азайту бойынша бірегей жоба – ағынды суларды тазарту қондырғыларын іске қосты. Жалпы құны 1,4 млрд теңгені құраған бұл жоба Қарасай ауданы әкімдігі мен «Алматы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» және «Kagazy Recycling» ЖШС-нің арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асырылды. Ерекшелігі – біріншіден, экологиялық және әлеуметтік маңызы бар, екіншіден, қазіргі заманғы финдік технология қолданылатын Қазақстандағы жалғыз ғимарат, үшіншіден, табиғи ресурстарды үнемдейді және төртіншіден, таза, тұщы суды қолдануды 30-40% -ға азайтады.
Сондай-ақ, оның жұмыс принципі өте қарапайым және көптеген химиялық реагенттерді қажет етпейді. Жүріп жатқан қызу үрдісті өз көзімен көріп, көңілі толған Жандарбек Ермекұлы компанияның бас директоры Виктория Горобцоваға ризашылығын білдіріп, іске ұмтылған жастарға, кәсіпкерлерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан қашанда қолдау барын тілге тиек етті.

«Кока-кола Алматы Боттлерс «БК» ЖШС

Ауданымыздағы өндіріс аумағы болып табылатын Елтай округіне аудан әкімінің сәрсенбінің сәтіндегі сапары осындағы «Кока-кола Алматы Боттлерс «БК» ЖШС-нен басталды. Бас директоры Хагани Сулейманов компанияның тыныс-тіршілігі, жұмыс қарқыны жайында мол мағлұмат беріп, жақсы жаңалықтарымен бөлісті. Жалпы, 2005 жылы негізі қаланған зауыт даму үстінде. Қазір мұнда тұрақты еңбекпен 400-ге жуық жергілікті тұрғын қамтылған. Маусымдық кезеңдерде олардың саны 500-ден асатын көрінеді. Сусынның жүз шақты түрін шығаратын зауытта негізгі жұмыс толығымен автоматтандырылған. Өндірістің 95 пайызына су жұмсалады, жылына 65 мың тонна қант қолданылады. Биылғы қаңтар мен сәуір аралығында зауыт 26 млрд-тан астам теңгенің өнімін шығарған. Бір айта кетерлігі, бұл көрсеткіш аудандағы өзге бірнеше зауыттың өндірістік өнімін қоса есептегеннен де жоғары. Ол қарасайлық бұл кәсіпорыннан шығатын «Фьюс-чай», «Кока-кола», «Фанта», «Спрайт», «PIKO», «BON AQUA» сияқты тағы басқа сусындардың сұранысқа әбден ие екендігін аңғартары анық. Жақында «Кока-кола кофе» шырыны да жұртшылыққа жол тартпақ.

«Эфес Қазақстан» зауыты

Мұнан кейін бет алған «Эфес Қазақстан» зауытының даму қарқыны да ауданның бірінші басшысын көңілінен шықты. 1969 жылы Түркияда екі сыра зауытын ашудан бастап, бүгінде Қазақстан, Ресей, Украина, Молдова елінде сыра өндіру және өткізумен айналысатын «Анадолу Эфес» холдингінің Қазақстандағы тарихы 1997 жылы Қарағандыдағы «Колос» сыра зауытын сатып алудан бастау алады. Осы кезеңде «Карагандинское» маркалы сыра өндіретін кәсіпорынды жекешелендіріп, түбегейлі жаңартқан компания 2003 жылы Қарасай ауданында жаңа өндіріс орнының іргесін қалаған болатын. Осы зауыттың бой көтеруімен Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында индустриялды-инновациялық аймақ құрыла бастағанын да айта кету керек. Облыстың индустриялды даму локомотивінің бірі болып табылатын компания қазір ауданымыздың бюджетіне қомақты үлес қосып отыр. Басшысы Станислав Вериштің айтуына қарағанда, жылына 120 млн литр өнім өндірілетін мұнда 700-дей адам еңбек етеді.

«RG Brands Kazakhstan» ЖШС

Ал, «RG Brands Kazakhstan» ЖШС күнделікті тұрмыста көп тұтынылатын тауарлар секторында өзіндік орны бар компания. Елтайдағы «Ақсеңгір» филиалының директоры Андрей Халяпин аудан әкіміне зауытты аралатып көрсетіп, жұмыс барысы жайын баяндап берді.
Компания еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыруда белсенді қатысушы болып табылады. Мұнда әлемдік үздік басқару тәжірибесі енгізілген. Халықаралық сауда белгілері «Pepsi» және «Lipton Ice Tea», сонымен қатар, қазақстандық «АSU» суы, «Пиала», «Gracio», «Нектар Солнечный» сусындары, «МОЁ» сүті, «Апорт» және «YETI» сусындары, «Гризли» қытырлықтары және тағы басқалар осында шығарылады. 21 га аумақты алып жатқан өндіріс орнына жылына шамамен 1 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылады екен. Қазіргі таңда мұнда еңбек ететін 500-ден көп жұмысшы орта есеппен 150-170 мыңнын көлемінде жалақы алады.
«Алматы Продукт» ЖШС
Ілгерідегі кәсіпорындар байқатқан даму қарқынын Жандарбек Ермекұлы «Алматы Продукт» ЖШС-нен де көрді. Мұнда 3,5 млрд. теңгеге фабриканы кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Қазіргі кезде тағы бір цех ашуға дайындық үстінде. Бүгінгі күні мұнда печенье, карамель, құрғақ таңғы ас, вафли сияқты тәттілердің 250-ден астам түрі шығарылады. Кәсіпорын жылына 13 мың тонна дайын өнім шығаратын қуаттылыққа ие. Негізі 2008 жылы қаланған кондитерлік фабрика «Бизнестің жол картасы-2020» және «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламалары шеңберіндегі қолдау шараларының игілігін көруде. База директоры Нұрлан Қалықовтың айтуынша, ТМД мемлекеттерінің көптеген елдері сүйсіне тұтынатын мұндағы тәттілер толығымен отандық өнім саналады. Ал, енді ғана іске қосылып жатқан жаңа желілердің арқасында Қазақстанда баламасы жоқ жаңа печеньелер пайда болады деп күтілуде.

Осылай, екі күнде алты кәсіпорынға арнайы барып, тыныс-тіршілігімен жақын танысқан аудан әкімі Ж.Далабаев инвесторларға қолдау көрсету, сол арқылы аймақтың, өңірдің әлеуетін көтеру Президент саясатының бір бағыты екенін алға тартып, іскер азаматтарға келешекте де сәттілік тіледі. Қарасай ауданының шын мәнінде де өз ісін өрге дөңгелетем деушілер үшін қолайлы жер екендігін тілге тиек етіп, кәсіпкерлерді елімізді жетістікке жетелеу жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

Клара КӨПБАЕВА.