«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы

«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы

Сәрсенбі күні Алтын ауыл мектебінің мәжіліс залында, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасын іске асыру бойынша, семинар өткізілді. Оған ауданымыздағы мектептердің директорлары, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қатысты. Кездесуде аталмыш жобаны енгізу кезеңдері, оны іске асыру, сондай-ақ, артықшылығы, тиімділігі туралы айтылып, бастапқы кезеңде қолдау мақсатында ауданымыздағы мектептердің жобаға қатысуы туралы да айтылды.
Жиында аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Олжасов пен осы басқарманың жетекші маманы Рахима Джексембаева жоғарыда аталған жобаға қатысты баяндама жасады. Олар соңғы 5-10 жылда еліміздегі балалар денсаулығының нашарлауы 22% жеткендігін, сондай-ақ, олардың арасында ас қорыту, тыныс алу, көз, қан, жүйке жүйесінің, тірек-қимыл аппаратының аурулары, эндокриндік бұзылыстар кең таралғанын, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар бойынша аурушаңдықтың көбейгендігін айтты. Мұнан бөлек, артық дене салмағы және семіздік өз алдына ҚЖА, диабеттің, қатерлі ісіктердің және басқа қатерлі аурулардың қауіпті факторларының өскендігін ескере отырып, елімізде жалпы білім беретін оқу орындарында «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» қанатқақты жобасын енгізу қолға алынғандығын тілге тиек етті. Бұл жоба негізінде мектептер бойынша балалардың денсаулығын нығайту, дұрыс тамақтану, балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдық деңгейін төмендету, мектеп медицинасының денсаулықты нығайтуға ықпалын жақсартуға арналған. Ол бойынша елімізде 6 мектепте қазіргі таңда пилоттық нұсқа аясында тестілеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы білім ұяларындағы пилоттық жоба жақсы нәтиже көрсеткендіктен, біздің ауданымыздағы бірнеше мектептерде де іске асыру туралы ұсыныс тасталып, маңыздылығы жайлы да ой қозғалды.
Семинар барысында жоба туралы бейнероликтер көрсетіліп, мамандар мен мектеп басшылығы арасында еркін әңгіме өрбіді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.