Электроқұрылғыларын шығаратын кәсіпорын

Электроқұрылғыларын шығаратын кәсіпорын

Мынау жаһандану заманында ғаламтордың дамып, жылдам хабар алмасып әрі күнделікті өмірімізді жеңілдетуге арналған техникалардың түрлері дамып келеді. Ал, олардың барлығы дерлік электрдің қуат көзінсіз іс атқармайтыны белгілі. Қазіргі таңда кез-келген үйде немесе мекемелерде электроқұрылғылғылардың кем дегенде үш-төрт данасы бар, оларсыз мүлдем жұмыс жүрмейтін күйге жеткенбіз. Тіпті, қарапайым жарықты өшіріп жағатын (включатель, выключатель), тоқ көзі (розетка), ток көзіне жетпегенде ұзартып қосатын сымдарсыз (удлинитель) күнделікті өмірімізді елестете алмайтындаймыз. Көп көзіне онша түсіп, елене бермейтін бұл заттардың күн санап маңыздылығы арта бастағандай. Осы қажеттілікті табыс көзіне айналдырған Ибрагимовтар әулетінің отағасы кәсіп түрін дөңгелетіп жүргеніне биыл төрт жылға жуықтаған.
Алдымен түрлі салада жүрген Еркін Ибрагимов 2004 жылдан бастап, шет елдерден электроқұрылғыларын алып еліміздегі сауда орындарына сатумен айналысыпты. Уақыт өте келе бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, өз Отанында өндіріс орын ашуды ұйғарады. Алғашқысында, яғни, 2014 жылдан бері Еркін Ихияұлы ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «Электро-техникалық өнімдер» ЖШС-нің акционері болады. Уақыт өте жетіліп, біліктілігін одан әрі арттырған кәсіпкер жекелей өз ісін ашуды жөн көреді. Жергілікті жерді зерттей келе оқшау әрі елді мекенге жақын болуын ескеріп, ауданымыздағы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Батан ауылынан 2017 жылы жер алып, өндіріске арналған ғимаратты тұрғызады. Қазіргі таңда кәсіпорын нарықта «Нур-Дин» ЖШС-і «ND plast» брендімен танымал.
Жалпы, Алматы қаласының тұрғыны Еркін Ихияұлы жан жарымен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Ұлдарының бірі жоғарғы оқу орнының білімгері, екіншісі мектепте оқып, әлі аяққа тұра қоймаған. Ал, қыздарына келсек, олар тасымалдау, келісімшарт, іс қағаздар жұмысын жүргізетін сенімді серіктестер, әкесінің нағыз қолғабысына айналған. Біз осы жолы жергілікті тұрғындардың жұмыс орны болған кәсіпорынға атбасын бұрдық. Сол жерге барғанда жылы шыраймен қарсы алған кәсіпкердің екінші қызы әрі өндіріс бойынша менеджер Амина Ибрагимова кәсіпорынның тыныс-тіршілігі мен атқаратын қызметтері жөнінде таныстырды. Мұндағы жұмыс процесі пластикті жасайтын полимерді қабылдап алғаннан кейін басталады екен. Әрі қарай полимерді еріту, оған арнайы станоктар арқылы пішін беру, жасалған пішінді суыту, дайын құрылғыға тоқ жүйесін орнату сияқты жұмыстар жалғаса береді. Ең сонында дайын өнімнің мамандар дұрыс жасалғанын тағы бір тексеріп шығып, ары қарай қаптауға жібереді. Қапталған тауарлар компаниялар мен дүкендерге аттандырылады. Осындағы бақылаушы құрылғылардан өткен өнім барлық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл жерде барлығы төрт станок, олардың жұмысы біз жоғарыда атап өткендей рет-ретімен тізбектеледі. Жинақтау адам күшімен атқарылатындықтан, кейбір жағдайда олқылықтар кетіп жататыны белгілі. 24 сағат істейтін өндіріс орнында бір ауысымда 20 жұмыскер істейді, олардың саны түскен тапсырысқа қарай жоғарылай береді екен. Тіпті, кей жағдайда станоктардағы қалыпқа дұрыс түспеу салдарынан да қисық тесіледі. Бұндай жағдайда жарамсыз болып қалған жабдықтар «литникке» салынып, ерітіліп қайта біріктіруге арналған арнайы түйір қосылып қайта өңделеді. Яғни, мұнда қалдықсыз әрі шығынсыз өнімдер шығарылады. Өндіріс бойынша менеджер Амина Еркінқызының берген мәліметінше, күніне зауыт ток көзіне ұзартып жеткізуге арналған сымдардан (удлинитель) 4000 дана, жарықты өшіріп-жағуға арналған құрылғыдан 5000 дана шығарады екен. Ал, қалған розетка, вилка, тройник сынды электро- құрылғылардың күніне 1000 дана, әрі қалғанын қосымша тапсырысқа байланысты жинақтайды. Электр бұйымдарын жасауға қажетті шикізаттардың бәрі Қытай, Ресей мемлекеттері мен Павлодар қаласынан әкелінеді. Осындағы бақылаушы құрылғылардың барлығы талаптарға сай, өндірісті технологиялық үдерістерінің қалыпыты жұмыс істеуіне бар жағдай жасалынған. Жалпы, өнімдер еліміздің Ақтау, Атырау, Қарағанды, Шымкент және тағы да басқа аймақтарына жіберіледі. Кәсіпорын көлемін ұлғайту басты мақсат болып тұр. Оны алдын ала жоспарлап, жер көлемін де үлкен етіп алған. Соның нәтижесінде жұмыс орындары да ұлғаяды. Өнімдері Ресей, Беларусь, Украина елдеріне экспортталып, бара-бара Орталық Азияны қамтуды да армандайды. Оған жету жолында зауытты кеңейту қажеттілігі де туындап отыр. Кәсіпорын өзге елді мекендердегі ірі дүкендерге тауар жіберуімен қатар, Алматы қаласының тұрғындарына арнап қолжетімді бағамен «Байсат» базарынан сауда нүктесін де ашып қойған. «Талпынысы зор, мақсаты анық кәсіпорынға сәттілік тілей келе жеке кәсіпкерлікті дамыту саласы бойынша мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі қолдауларды алдыңыздар ма?», – деп сұрадық. Бұл сауалымызға Амина Еркінқызы:
– Әзірше мемлекеттен қолдау сұраған жоқпыз. Барлық істі өз қаражатымызбен атқарып отырмыз. Өндірістік қуатымыздың артуына байланысты болашақта сөз етілген «жеңілдіктерге» жүгінуіміз мүмкін, – дей келе алдағы жоспарларымен де бөлісті. – Осы жылдың жаз айларында станоктарға арналған жаңа ғимарат салу және отбасымызбен кәсіпорынның маңайына үй тұрғызып көшіп келу жоспарымызда бар. Сондай-ақ, әрдайым нарықты зерттеу барысында түйген жаңашылдықты өз өнімдерімізге енгізгіміз келеді. Ол, әрине, уақыттың еншісінде.
Еңбектері еленіп, кәсібі нәсібіне айналып, білгір басшылықтың арқасында өркендеп келе жатқан Ибрагимовтар әулетінің отағасы басқарған отбасылық бизнеске толағай табыстар мен жемісті жетістіктер тілейміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.