Халықтың тұрмыс-тіршілігі басты назарда тұрады

Халықтың тұрмыс-тіршілігі басты назарда тұрады

Біздің тілшіміз Жамбыл ауылдық округінің әкімі Тұрарбек Ташовпен әңгімелесіп, бірер сұраққа жауап беруін өтінген еді. Сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Тұрарбек Тұрсынбекұлы, өзінің өрнекті өлеңдерімен, халыққа айрықша қуат берген жырларымен бүкіл әлемге тамаша танылған жыр алыбы Жамбыл бабамыздың атын алған округтің де ауданымызда өзіндік орны бар екені белгілі. Бүгін Сіз бен біз осы аймақтың тыныс-тіршілігі жайында әңгімелессек.
– Келісемін. Иә, жүз жасаған Жамбыл атамызды дүние жүзі біледі. Еліміздің халқына, әсіресе, жас ұрпаққа қалдырған өнеге, өсиеті көп. Жамбылдықтар өз округіне қазақ халқына аса қымбат осы ерекше есімнің берілгенін әрдайым мақтан етіп, үнемі қуанып жүреді.
– Олай болса, округтегі қазіргі істің барысы қалай, қандай жұмыстар атқарылуда, соған келейік.
– Алдымен айтарым, 2018 жылы біздің Жамбыл ауылдық округінде жақсы істер көп болды. Жалпы, біздің округті 4 елді мекен құрайды. Олар – Жамбыл, Батан, Ұлан және Қошмамбет ауылдары. Халық саны 15 776 адам. Сонымен қатар, округ аумағында 12 саяжай орналасқан.
Ал, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 115, бұл салада 506 адам жұмыспен қамтылған. Округтің жалпы жер көлемі 9265 гектарға жетеді. Ауылшаруашылық мақсатындағы жер 4298 гектар. Оның ішінде 1370 гектары егістік, 171 гектары суармалы, 707 гектары жайылымдық, 231 гектары шабындық болып табылады. 377 шаруа қожалығы жұмыс істейді. 2018 жылы 100 га бидай, 287 га көкөніс, 260 га арпа, сонымен қатар, 723 га жер теліміне т.б. дақылдар егілді. Округтегі барлық егістік жерлер «Минагро» сайтына тіркеліп, электрондық картасы жасалды.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта округте 3318 мүйізді ірі қара, 232 жылқы, 3258 ұсақ мал және 6700 құс бар. Ауылдағы барлық мал басына төлқұжат берілді. 1136 бас мал қолдан ұрықтандырылды. Әртүрлі жұқпалы аурулардың алдын-алу мақсатында екпе егу жұмыстары жүргізіліп, сарып (бруцеллез) ауруына қарсы қан алынып, тексеріліп отырады.
Өткен жылы салық төлемдері бойынша, жеке тұлғалардан 9 млн 923 мың теңге мүлік салығы жиналып, 176,2 пайызға орындалса, жер салығынан 6 млн 757 мың теңге жиналып, 246 пайызға орындалды. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың көлік құралдары салығының түсімінен 40 млн 713 мың теңге жиналып, жоспар 114 пайызға орындалды.
– Білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша не айтасыз?
– Барлық білім мекемелерінде оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру жұмыстары тұрақты жалғастырылуда. Бізде 4 орта мектеп бар. Оқушылар саны 4519, оларды 305 мұғалім оқытады. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Барлығы компьютермен жабдықталған.
2 шағын орталық, 7 балабақша жұмыс істейді. Денсаулық сақтау бойынша халыққа 3 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-амбулаториялық пункт қызмет көрсетіп, олардың 9 дәрігері мен 32 орта буынды медицина қызметкерлері бар.
– Әлеуметтік салаға қашанда көп көңіл бөлінетіні мәлім, енді осы орайдағы жұмыстар жайында әңгімелесеңіз.
– Жарайды. 2018 жылы «Атаулы әлеуметтік көмек» бойынша округтен 41 отбасы 11 млн 68 мың теңге көлемінде, оның ішінде 9 отбасы 2млн 482мың теңге көлемінде шартсыз ақшалай көмек, 32 отбасы 8 млн 585 мың теңге көлемінде шартты ақшалай көмек алды. Мүгедек балаларды үйде оқытатын 5 отбасына 160 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін әр сала қызметкерлеріне отын сатып алу үшін жәрдем берілді. «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіпкерлердің қол ұшын беруімен жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан 10 бала мектеп формасымен және мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Округте қайырымдылық жұмыстары тұрақты жүзеге асырылып тұрады. Мәселен, Жеңіс күні, қарттар мен мүгедектер күні қарсаңында ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне, тыл ардагерлеріне және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына сый-сияпат жасалады.Тағы қоса кетейін, жуырда кәсіпкерлердің күшімен осындай 11 отбасына сегіз жүз мың теңге көмек көрсетілді.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының І бағыты бойынша кәсіптік қайта даярлау курсын 28 тұрғын оқып шықты, оның ішінде 19 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. ІІ бағыт бойынша жеке ісін ұйымдастыруға 3 азаматқа шағын несие беріліп, бір азаматқа грант бөлінді. ІІІ бағыт бойынша жастар тәжірибесіне 6 жас маман, қоғамдық жұмысқа 65 тұрғын жіберілді. Округ бойынша 235 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
– Абаттандыру, тазалық және тағы басқа аса қажетті жұмыстар қалай жүргізілуде?
– Бұл ретте де айтарымыз бар. Мәселен, Ұлан ауылында 800 шаршы метрді құрайтын шағын футбол алаңы салынуда. Оның ашылуы үстіміздегі жылдың осы айына жоспарланып отыр. Жамбыл ауылының су құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 10 млн. 630 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп, 25 текше метрлік су ұңғымасы мен Алтынсарин көшесінің 393 метр аралығындағы су құбырлары қайта жаңартылып, іске қосылды. Көшелердегі 256 жарықтандыру шамының 116-сы диодты түріне ауыстырылды. Сондай-ақ, Жамбыл ауылында полицияның тірек пункті салынуда. Қошмамбет ауылында «Агро Импэкс Алатау» ЖШС, «КазАгроФинанс» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен, сметалық құны 1млрд теңгеге, көлемі 3 га қызанақ өсіретін жылыжай кешенін іске қосты. Ұлан ауылында жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен 350 орындық «Жұлдыз-Балапан» балабақшасын салып, ол өткен жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілді. Электр қуатының жетіспеушілігіне байланысты 2018 жылы Жамбыл ауылындағы Береке көшесіне, Ұлан ауылындағы Әуезов көшесіне және Батан ауылындағы Саламатов көшесіне жаңадан трансформаторлық қондырғылар орнатылды. Мұндай іс алда да жалғасады. Тағы бір мәселе, Ұлан ауылынан амбулатория құрылысы үшін 0,30 га жер телімі белгіленіп, құжаттары әзірленді. Сонымен қатар, Батан ауылында 450 орындық мектеп пен 27 емделушіге арналған амбулатория салу үшін олардың жобалау-сметалық құжаттары дайындалып қойылды.
– Соңғы сұрақ. Сіз «Нұр Отанның» бастауыш ұйымының төрағасы ретінде кеше ғана өткен партия съезі жөнінде не айтар едіңіз?
– Сөз жоқ, бұл ХVIII съезд ерекше болды. Ондағы қабылданған шешімдер партиямыздың нағыз халықтық партия екенін, оның алдымен елдің жайын, адамдардың жай-күйін ойлайтынын нақты дәледдеп берді дей аламыз. Ендігі басты мақсатымыз – съезде Елбасымыз қойған үлкен де ауқымды міндеттерді орындауға жұмыла кірісу.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.