Аккумуляторлар ұрлануда / 18?

Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылындағы Мухамеджанов көшесі 6 үйдің ауласында бір күнде, бір уақытта тұрған 8 автокөліктің аккумуляторы ұрланған.

  Оқиға 19 ақпанға қараған түні орын алған. Көп қабатты үйлердің  ауласында қатар тұрған   автокөліктерге ұры түсіп, аккумуляторларын қолды қылған. Бұл туралы редакциямызға көлік иелерінің бірі хабарлаған еді.

Рафаэль Абдалимов:

-         Маған таңертең көршім қоңырау шалды. Оның көлігінің алдыңғы решоткасын бұзып, ішіндегі аккумуляторларын алып кеткен екен. Ал, менікіне артқы терезесінен кіріп, ашып ұрлапты. Машинамның еш жерін бүлдірмегеніне қуандым. Содан полицейлердің шақырдың. Олар жылдам келіп, жағдайды тіркеп жазып алды, - дейді.

Ұрылар әрбір көлік иесіне шамамен 40-45 мың теңге көлемінде шығын келтірген.  

Айта кетейік, былтыр танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен көлігінің айнасын тонамақ болғандардың қолынан қаза тапты. Жұртшылық Алматының орталығында, тапатал түсте дарынды спортшыға жасалған шабуылға байланысты полицияның жұмысын сынға алған еді.

Ал түн ортасында көліктері тоналған жәбірленушілер абырой болғанда, полиция өкілдері оқиға орнына уақтылы келгенін айтуда.

    Бұл фактіге қатысты Қарасай аудандық полиция бөлімі қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Дегенмен, қарапайым халық тәртіп сақшыларына бар үмітін артып отыр.

     Сонымен қатар әлеуметтік желідегі оқырмандарымыздың жазбаларына қарағанда,  осы іспетті ұрлықтар ауданымызға қарасты Жамбыл және Әйтей ауылдарында да орын алған.