Ол заманынан озып туған еді

Ол заманынан озып туған еді

XX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тарихына терең із қалдырған көрнекті тарихи тұлғалардың бірі, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған қазақтың біртуар аяулы перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері – Ораз Қиқымұлы Жандосов. Оның күрделі өмірімен танысып, оқып білу – ұлтымыздың өткен жолын және өз-өзімізді жете тануымызға көмектеседі. Ол заман ықпалы мен коммунистік идеологияны таңдаған, тіпті, қиын-қыстау заманның өзінде ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруды шынайы көздеген. Иә, Ораз Қиқымұлы өмір бойы «ұлтым» деп өткен қайраткер.
Биыл – Ораз Жандосовтың туғанына 120 жыл толып отыр. Нақтырақ айтқанда, ол 1889 жылы 25 ақпанда Верный уезінің Шамалған болысындағы №7 ауылда (қазіргі Қарасай ауданындағы Жандосов атындағы елді мекенде) дүниеге келді.

Анасы Дәрмен

Ораз Жандосовтың қарындасы Бану Жандосова ағасы туралы естелігінде былай дейді: «Өмірге келгеннен кейін күзде бала бесікте бөлеулі жатады, үйде басқа жан жоқ, осы кезде үйдің ішін өрт алады. Өрт үйді тез шарпып кеткеніне қарағанда, оны біреу әдейі салғанға ұқсайды. Өрт ішінен Оразды алып шыққан Оралбай атты туысымыз. Өрттен аман қалған баласын қолына алған әкеміз оның шекесіндегі жарықты көріп: «О-һо! Бұл – Құдайдың шапағаты, енді менің балам батыр болады, жол бастайды»,- деп қуанған екен» — деп жазады.
Әкесі Қиқым жоқшылықтың азабын тартса да баласы Оразды Верный қаласындағы ерлер гимназиясына оқуға береді. Оқып, білім алса, алдыңғы қатарлы азамат болатынына сенген. Жастайынан әкесінен айрылып ерте жетім қалған Ораз үйде балалардың үлкені болғандықтан өмірге тез бейімделіп, бауырларына қамқор бола білген.
1918 жылы Верный ерлер гимназиясын аяқтаған соң, Қазақстанда кеңестік билік орнағаннан кейін Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыстық бөлімін басқарды.
1928 жылы Қазақ АКСР ағарту комиссары қызметіне тағайындалуы оның ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің одан әрі ашылуына мүмкіндік берді. О.Жандосов басшылық еткен Халық ағарту комиссариатының алдындағы үлкен міндеттердің бірі сауатсыздықты жою болды. Ол білім беру жүйесін тәртіпке келтіруге, ауылдар мен селолардағы мектептерді жаңа жоспарға сай қайта құруға, жаңа мектептер құрылысын қаржыландыруға, оқулықтар мен оқу құралдарын көптеп шығаруға, білікті маман мұғалімдерді даярлауға құлшына кірісті.
О.Жандосов еліміздегі арнаулы білім беретін орта және жоғарғы оқу орындарын ұйымдастыруға баға жетпес үлес қосқа

Қазақ ауылдарын зерттеу жөніндегі экспедицияда жүрген кезі. Әулиеата уезі, 1925 ж.

н. Республикамыздағы тұңғыш университетті (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) ашу істерімен айналысқан ұйымдастыру бюросына басшылық етті.
1930 жылы Қазақстанға ауылшаруашылық мамандары ауадай қажет екендігін түсінген О.Жандосовтың ұсынысымен Алматы ауылшаруашылығы техникумының негізінде Қазақ ауылшаруашылық институты ашылды. Тұңғыш ректоры болып Ораз Жандосов тағайындалды. Қазақ ауылшаруашылық институтының директорлығымен қатар республика кітапханасының (қазіргі ҚР Ұлттық кітапхансының) директоры болды. БК (б) П Кеген аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ұлтаралық қатынасты реттеуге көп еңбек сіңірді. Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы болды.
Ораз Қиқымұлы Жандосовтың есімі мен ұлт тарихындағы атқарған істеріне үлкен құрметпен қарап, мақтанышпен еске аламыз. Әсіресе, 1930-1933 жылдардағы қазақ халқының басына төнген аштықпен күреседі. Жүсіпбек Арыстановтың жазуынша, Балқаш ауданында 1930 жылы аштықтан қырылған халық көтеріліске шыққанда екеуі елмен кездесіп, түсінік жұмысын жүргізу үшін сол ауданға барады. 1932-1933 жылдың қысында Сарысу өзені бойындағы ел аштықтан қырылғанда Ораз Қиқымұлы оларды көшіріп, Жамбыл облысындағы Байқадам ауылына жеткізуді ұйымдастырып, ажалдан арашалайды. Осы сапарда Ораз Қиқымұлы қыстыгүні ақ қар, көк мұзда ат үстінде 1500 шақырым жол жүрген екен.
Айта берсе, революционер, қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың халқына еткен қызметі өте көп. Ол 1933-1934 жылдары Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына қызметіне жіберіліп, сонда қызмет еткен. 1916 жылғы көтеріліс құрметіне Кеген аумағындағы Ереуілтөбе ескерткішін орнату Ораздың ұйымдастыруымен іске асқан. Кегендегі қызметінде де жергілікті адамдармен жақсы тіл табысып жұмыс істеген ол бір жылдың ішінде ауданның әлеуметтік экономикалық жағдайын едәуір жақсартады.
Ораз Жандосов қазақ халқының саяси және әлеуметтік жағдайын, мәдениетін, оқу-ағарту ісін көтеру үшін аянбай тер төккен жан. Сонымен қатар 20-30 жылдары кеңестік дәуірде бірінші болып қазақ ауылын социалистік өлшемде кеңінен зерттеуді қолына алып, Қазақстан ғылымы тарихында да көрнекті ізін қалдырған. Небәрі 19 жасында Қазақстандағы ісқағаздары қазақ тілінде жүру керек деген, мәселе көтерді. Ал, жиырма екі жасқа келген ол 1921 жылдың 5 ақпанында Верный атауын «Алматы» деп өзгертуге және Халық комиссарлары Комитетінің ішкі істер бөлімі арқылы Кеңестер Одағы барлық басылымдарына хабарлауға бұйрық шығарып, қол қойған.
1925 жылы желтоқсан айында Қазақстан өлкелік партия конференциясы өтеді, сол конференцияда О.Жандосов баяндама жасап, қазақ елінің мұң-мұқтажын айтады. Осыдан кейін-ақ, ол қудалана бастайды. Ораз Жандосовқа тағылған айып: «Кеңес өкіметін құлатып, буржуазиялық өкімет орнату мақсатындағы ұлтшыл, контрреволюциялық ұйымның мүшесі», Жапон шпионы т.б. Қашан, қай күні, қай жерде мерт болғанын анықтау Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған соң ғана мүмкін болған екен. Оның жаламен Қазақстанда алғаш тұтқындалған және алғаш атылғандардың бірі болғаны анықталған. 1937 жылы тамызда партиядан шығарылады да, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылдың 3 наурызында Алматыдағы НКВД түрмесінің жер асты қабатында атылып, Іле ауданындағы Жаналық ауылының жанындағы терең жыраға көмілген.
О. Жандосовтың туған халқын жақсылыққа бастау жолында жан аямай арпалысып, елім деп өткен ер екені, ұлтымыздың үлкен тұлғаларының бірі екені даусыз. Даңқты да атақты тарихи тұлғаға жазықсыз жабылған жаламен сотталған үкімі күшін жойып, 1956 (кей деректерде 1957) жылы толық ақталған.
Ақиқатында Ораз Жандосов бейнесі бұл өмірде біз үшін әрдайым жарық жұлдыз болып жанып тұрады!
Айман ЕРДЕСБАЕВА,
«Батыр бабалар» мемориалды
музейінің экскурсия жүргізушісі.

 

Последние новости

Ерліктері – ел есінде
«Жетісу – 360» виртуалды жобасы
«Жарқ етіп жанған жалын»
Бесплатная медицинская помощь для многодетных мам
Республикалық семинар
Об инновациях в образовании
Дебат клубы ойды өсіреді
«Құқықтық турнир» ұйымдастырылды