Әрбір балабақшада кезекші топтар құрып жатырмыз – Бекшин

2020-05-12 15:00:45
Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин балалар балабақшаға қандай ереже бойынша қабылданатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін өткен брифинг барысында Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері елімізде төтенше жағдай алынғанымен қалада карантин режимі сақтала берітінін айтты.

Осыған қатысты бас санитарлық дәрігердің жаңа Қаулысы шықты. Ол Алматы қаласы аумағында коронавирус инфекциясының алдын алу шараларына арналған. Сондықтан карантин кезіндегі талаптар әлі де сақталады. Күнделікті инфекция жұқтыру көрсеткіші 7% төмен болса, біз өзіміздің арнайы шараларымызды шығаруға мүмкіндігіміз бар, - деді ол.

Сонымен қатар, ол қазір балалар мәселесі алаңдатып отырғанын, көпшілік жұмысқа шыққан соң, "балабақшаға қалай апарамыз?" деген сұрақтар жолдап жатқанына тоқталды.

Осы тұрғыда әрбір балабақшада кезекші топтар құрып жатырмыз. Әр топ 50 пайыздық санмен ғана ашылады. Сондай-ақ, ол жерде санитарлық-эпидемиялық талаптарды күшейтіп жатырмыз. Яғни, сағатына 15 минут бөлмелерді желдетіп отыру, ойыншықтар, балалар ұстайтын орындарды залалсыздандырып отыру. Одан бөлек, балалардың жататын орындары арасында 1 метр қашықтық сақталу керек. Тәрбиешілер бетперде, қолғап киюі керек. Міне осындай ережелерді сақтай отырып, біз балаларды балабақшаға қабылдаймыз, - деді ол.

Сондай-ақ, ол жүкті әйелдерге, қарт адамдарға балаларды балабақшаға әкелуге рұқсат берілмейтінін айтты. Оларда вирусты жұқтыру қаупі жоғары көрінеді.

Балабақшаларда тексеріс жұмыстары жүріп тұрады. Егер онда талаптарға сай келмейтін жағдай анықталса, олар әкімшілік жауапқа тартылады, - деді Бекшин.

Дәрігер одан бөлек қаладағы сән салондарына қатысты ережелерге тоқталып өтті. Олар да талаптарға сай жұмыс істеуі керек екен.

Біріншіден, арнайы киімдері, бетпердесі болу керек. Дезинфекция жасалып, антисептик құралдары болу қажет. Салондарда осы ережелерді бақылап, жұмысшыларға талаптарды түсіндіріп отыратын жауапты адам болуы керек. Барлық мекемеге қойылатын басты талап жұмысшыларда аурудың белгілері болған кезде оларды жұмысқа жібермеу. Ол үшін жұмысқа кіреберісте фильтрден өткізіп, дене қызуын міндетті түрде өлшеу қажет, - деді ол.
Просмотров материала: 0