Карантиндік шектеулер қандай жағдайда алынады - Бас санитар жауабы

2020-05-12 15:00:45
Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова елдегі карантиндік шектеулердің алынуына қатысты кезеңдер мен шарттарды түсіндірді. Негізгі талап коронавирус жұқтырған науқастар санының өсіміне байланысты қойылған, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

«Карантинді жеңілдетуді біз 3 кезеңге бөлдік. Егер апта ішінде өсім 7%-дан аспаса, онда бірінші сатыдан өтеміз. Екінші кезең - науқастар өсімі 5%-дан көп болмағанда. Бұл көрсеткіш тұтас ел бойынша да, әр өңір бойынша да жеке қарастырылады. Себебі, жекелеген облыс, қалаларда карантиндік шаралар ахуалға байланысты әртүрлі белгіленеді. Ал, үшінші кезеңге аурудың таралуы 2%-дан аспағанда қол жеткіземіз», - деді А.Есмағамбетов.

Бас санитардың айтуынша, соңғы күндері аурудан айығып шыққандар саны вирус жұқтырғандардан көп.

«Барлығы 2074 адам жазылып шықты. Кеше 133 адамды үйіне қайтарсақ, бүгін 133 адамды шығарамыз. Соңғы күндері жазылғандар саны жұқтырғандар санынан көбейгені байқалды. Бұл қуанарлық жағдай, елде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келе жатыр деп айта аламыз. Егер наурызда өсім 150%-дан жоғары болды десек, соңғы тәуліктердегі өсім 2,3%-ды құрады. Өткен аптада 5%-дан аспады», - деп айтты ол.

Ал, карантиннен босату бойынша іс-шаралар 5 топқа бөлінген.

«Бірінші топтағы шараларға ұйым қызметкерлерінің 50%-ының жұмысқа оралуы кіреді. Қалғаны үйден жұмыс істейді. Екінші топ - білім беру ұйымдарының жұмысын қайта жалғастыруы. Яғни, балабақшалар ашылады. Үшінші топқа қызмет көрсету саласының қайта жұмыс істей бастауын кіргіземіз. Адамдар тығыз байланыста болмайтын қызмет көрсету ұйымдарының бәрі ашылады. Төртіншісі, әуе рейстерінің ашылуы. Бірақ автокөлікпен, пойызбен жүруге әзірге тыйым салынған. Блок-бекеттер жұмысын жалғастырады. Бесіншісі – тұрғындардың өздері тұратын аумақта жүріп-тұруына рұқсат беру шаралары. Аулаға шығып серуендеуге, спортпен айналысуға болады. Бірақ үш адамнан артық топтаспау қажет. Адамдармен араласқанда 1,5 метрлік арақашықтық барлық жерде сақталуы тиіс», - деп түсіндірді Бас санитар дәрігер.
Просмотров материала: 0