Алматыда 300-ге жуық полиция қызметкері қорғаныс кәстөмімен қамсыздандырылды

2020-04-10 15:00:38
Алматыда 300-ге жуық полиция қызметкері қорғаныс кәстөмімен қамсыздандырылды
Алматы қалалық полициясы 300-ге жуық қорғаныс костюмдерімен қамсыздандырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олар бірінші кезекте Алматының карантин периметрі бойындағы 27 бақылау-өткізу бекеттерінде қызмет етіп тұрған полиция қызметкерлеріне беріледі.

“Бұл киімдерді Ішкі істер министрінің тапсырмасымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері жасады. Бүгін бізде 280 жиынтық киім бар, алдағы уақытта олардың санын 350-ге жеткіземіз. Бақылау-өткізу бекеттерінде қызмет етіп жүрген Алматы гарнизонының қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері қорғаныс киімдерін киді. Күн сайын олар азаматтармен тығыз байланыста болады, олардың арасында "қауіп тобына" кіретін адамдар да болуы мүмкін.Сондықтан полиция қызметкерлерінің медициналық қызметкерлер секілді дертті жұқтыру қаупі өте жоғары. Олар азаматтардың денсаулығын қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып жатыр. Карантиндік шаралар басталған сәттен бастап ішкі тәртіпті сақтауды қамтамасыз ететін ішкі істер органдарының қызметкерлері карантин периметрінің аумағында да, қала ішінде де медициналық маскаларды, бір рет қолданылатын қолғаптар мен антисептикалық құралдарды жеке қорғаныс құралы ретінде қолдана бастағанын атап өтемін. Полиция барлық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілген", – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.

Қалалық полиция басшысының айтуынша, Алматыдағы карантиндік іс-шараларға полиция департаментінің жеке құрамынан, Ұлттық ұлан мен қорғаныс министрлігінен 6 мыңға жуық адам тартылған. 997 жаяу патрульдеу бағыттарында 3 мыңға жуық адам қызмет етеді.
Просмотров материала: 0