БҰҰ коронавирус салдарынан әлемге жаңа қауіп төне бастағанын айтты

2020-04-10 15:00:38
БҰҰ коронавирус салдарынан әлемге жаңа қауіп төне бастағанын айтты
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің коронавирус пандемиясының проблемаларына арналған жабық отырысы өтті, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.


Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қауіпсіздік кеңесінің жабық отырысында COVID-2019 вирусының салдарынан қоғамда наразы көңіл күй мен зорлық-зомбылықтың көбейіп кетуі, сондай-ақ, лаңкестердің биологиялық қарумен шабуыл жасауға ұмтылуы мүмкін екені туралы айтты.

Антониу Гуттериштің айтуынша, коронавирус халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап қалуға айтарлықтай қауіп төндіруі ықтимал, себебі, індет әлеуметтік толқуларға түрткі болуы және әлемдік «жанталасты» пайдаланып қалғысы келетін экстремистерге оңтайлы жағдай туындатып беруі мүмкін.

«Індеттің қазіргіден де қатты таралып кетуі жағдайына, сондай-ақ, әр-әр жерде лап етіп тұтана кеткелі тұрған соғыс ахуалын ушықтырып, пандемиямен күресті қиындатып жіберуі мүмкін зорлық-зомбылықтың жаппай белең алуы жағдайына барынша дайын болу қажет», - деді БҰҰ басшысы.

Гутерриш «қақтығыстарды реттеуге қатысты қазіргі таңда айрықша қажет болып отырған халықаралық, аймақтық және ұлттық күш біріктірулерге дағдарыстың кедергі болып тұрғанын» атап өтті.

Ол БҰҰ-ның қаржылық жағдайының «қауіпті болып отырғанын», сондықтан ұйымның тек маусым айының соңына дейін ғана бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияларды қаржыландыруға шамасы келетінін ескертті.

Сөзін қорытындылай келе, ол онлайн-конференцияға қатысқаны үшін Қауіпсіздік кеңесіне алғысын білдіріп, қазіргі елең-алаң шақта тек бірлік пен қайрат-жігердің айрықша қажет болатынын айтты.
Просмотров материала: 0