Елордадағы 20 күнде бітетін аурухана құрылысы қалай жүріп жатыр

2020-04-08 15:00:35
Елордадағы 20 күнде бітетін аурухана құрылысы қалай жүріп жатыр
Елордадағы коронавирустық инфекцияға қарсы неміс технологиясы бойынша аурухана салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары 25 сәуірге дейін бітуі тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік коммссия республикалық деңгейдегі үш қалада осындай медициналық мекеме салу туралы шешім қабылдаған болатын. Жаңа нысандар дәрігерлердің резервтік мүмкіндіктерін кеңейтіп, науқастарға уақытылы көмек көрсетуге кепілдік береді. Үкімет медициналық мекемелерді қысқа мерзімде салып, іске қосуды BI Group холдингіне тапсырған еді.

Елордадағы 20 күнде бітетін аурухана құрылысы қалай жүріп жатыр


Біз елордадағы нысанның жер жұмыстарын алдын ала жүргіздік. Ал құрылыс ресми түрде 5 сәуірде басталды. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары аяқталып, неміс технологиясы бойынша MODEX зауытында жасалған модульдік темірбетон блоктар орнатылуда.



Жалпы, президент жанындағы комиссия бізге үш қалада коронавирустық инфекцияға қарсы аурухана салуды тапсырды.Ол - Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары. Елордадағы жұқпалы аурухана 200 орынға жоспарланып отыр (реанимациядағы 20 орынды қосқанда). Алматыдағы нысан 280 орынға есептелген. Шымкенттегі ауруханада да осы шамалас 200 науқасты қабылдайтын болады. Ауруханаларда карантин, қарқынды терапия, реанимация аймақтары қарастырылған. Олар биохимиялық зертханалармен, рентген кабинеттерімен және компьютерлік томографиямен қамтамасыз етілетін болады. Оған қоса аурухана палаталарындағы қалыпты қысымды қамтамасыз ететін арнайы желдету жүйесі орнатылады. Бұл медицина қызметкерлеріне төндіретін қауіпті сейілтуге мүмкіндік береді, - дейді жоба директоры Арман Лесбеков журналистерге.


Үкімет қысқа мерзімде құрылысты аяқтау туралы шарт қойды. 20 күнде бітіру оңай емес екенін білеміз. Соған қарамастан тәуекелге барып, осы жұмысты қолға алдық. 25 сәуірге дейін тапсырып үлгеруіміз қажет, - деді жоба жетекшісі.


Оның айтуынша, құрылысшылар тәулік бойы - үш ауысымда жұмыс істейді.


Мүмкін болса, біз ертерек тапсыруға тырысамыз, - деп қосты ол.


Бұл аурухана қаланың сырт жағында орналасқан. Нақтырақ айтсақ, "Қалалық фтизиопульмонологиялық орталықтың" қасында салынып жатыр.



Аурухана Lego конструкторы сияқты құрылыс алаңында жиналатын дайын монолитті блоктардан салынады. BI Group бұл блоктарды биылғы жазда Нұр-Сұлтанда алғашқы көпқабатты тұрғын үй кешенін салу үшін дайындаған.



Нұр-Сұлтандағы аурухананы салуға бюджеттен 5,5 миллиард қарастылып отыр. Бірақ ақша әлі компанияның есебіне аударылмаған. BI Group холдингі басшыларының айтынша, олар құрылысты өз ақшаларымен бастап кеткен. Жақын арада ақша түседі деп күтіп отыр екен.

5,5 миллиард теңге бөлінгенімен, компания бұл жобаға толық қанша қаржы кететінін айта алмайды. Өйткені құрал-жабдықтардың бағасына көптеген факторлар әсер етеді. Аурухана заманауи технологиялармен жабдықталуы керек.

Біз қазірдің өзінде шекараның жабылуына байланысты күн сайын қымбаттайтын жабдықтарды іздеудеміз. Түркиядағы желдеткіш өндірушілерімен хабарласып көрдік. Егер бұрын олардың бағасы 3000 доллар болса, коронавирустан кейін 60 000 долларға дейін көтерілген. Яғни 20 есеге қымбаттаған. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, ауруханаға қажетті жабдықтарды алдырамыз, - дейді BI Group холдингі басқарма төрағасы Амангелді Омаров.

Жоба директоры Арман Лесбеков журналистерге бөлінген ақша артылып жатса компания мемлекетке қайтаруға дайын немесе сол қаржатқа медициналық құрылғылар алып береміз деп отыр.

Біз бұл құрылыстан пайда табуды көздемейміз. Егер ақша артылып жатса, мемлекетке қайтурға дайынбыз. Қаржы директорына аудиторлар шақырайық деп айттым. Әрбір жұмсаған тиынымызды санап, бақылап отырсын. Осындай төтенше жағдай кезде шын ниетпен көмектескіміз келеді, - дейді Арман Лесбеков.

Нұр-Сұлтандағы аурухана құрылысына 300-ге жуық адам жұмылдырылған. Олар жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген, қызметкерлер күніне екі рет температура өлшенеді. Сондай-ақ, жаңа маскалар беріліп отырады.Компания төтенше жағдай туындаған кезде қызметкерлерін тексеру үшін тесттерді өз қаражатына сатып алыпты.

Үш қаладағы жобаға 14 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады деп күтілуде.

Елдің бәрі әлеуметтік желіде Қытай, Өзбекстан, Қырғызстандағы палаткадан тұрғызылған ауруханалар жайлы айтып жатыр. Ондайды біз үш күнде тұрғызамыз. Біздікі олармен салыстырғанда салмақты көзқарас. Әлеуметтік желіде "бар-жоғы 6 адам ған қайтыс болды, аурухананың не керегі бар?" деп жатқандар бар. Мен ондайларды түсінбеймін. Егер кем дегенде бір адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік бар болса, онда оған тұрарлық деп санаймын. Бұш аурухананың уақытында салынып, ешкімге қажеті болмай-ақ қойсын, - деді Омаров.
Просмотров материала: 0