Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Келімжанов "Ағаділді тергеу изоляторында азаптаған" деген ақпаратты жоққа шығарып, Ағаділ денесіндегі "дақтарды" биологиялық өлім белгілері деп атады.
- [Әлеуметтік желілерде тараған] Видеоматериалдарда мәйітте дақтар бары туралы айтылады. Оны дене жарақаты деп айтады. Мұнда оның пайда болу себебін түсіндіре алатын мамандар бар. Мәйіттегі дақтар - бұл биологиялық өлімнің белгілері. Медициналық тілмен айтқанда, дақтар адамның жүрегі тоқтағаннан кейін кемінде бір сағат өткеннен кейін пайда болады, - деді ол.
Тікелей эфирді көріңіз:
Келімжанов сараптаманың түпкілікті қорытындысы жақын арада шығатынын айтып, азаматтарды асығыс қорытынды жасамауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.
Әлеуметтік желі мен мессенжерлерде тараған видеода бірнеше адам марқұмның сүйегі екі күндік сараптамадан кейін мәйітханадан әкелінгенін айтып, денесін көрсетіп, "соққы іздері байқалады" деп тұжырым жасайды. Автормен қоса бірнеше адам марқұмның денесін тексеріп, саусағы қарайып кеткенін, иығы көгеріп, табанында, арқасында жарақат іздері барын айтады.
Бұл видео жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде наразы жазбалар көбейді. Олардың көбі "Ағаділдің өліміне кінәлілер жазалансын, жалған ақпарат бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылсын" деген талап айтты.
Полицияның айтуынша, белсенді "жүрек талмасынан" қайтыс болған. Сейсенбі күні ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров "белсендінің денесінде зорлық-зомбылық іздері анықталмағанын" хабарлаған.
Қоғам белсенділері биліктің мәлімдемесіне күмән келтіреді. Белсенділер мен құқық қорғаушылар тәуелсіз сараптама жүргізілуі тиіс дейді.
25 ақпанда Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның түрлі қалаларында наразылық акциялары өтіп, жиналғандар бұрынғы президент, ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етті. Бұға қоса, оның айналасындағы адамдар, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та қызметінен кетсін деген талап айтты.
25 ақпанда Нұр-Сұлтанда белсендінің өліміне байланысты ішкі істер министрлігінен түсініктеме талап етіп, жолды жабуға тырысқан ондаған адам ұсталды. Кейінірек босатылды. 27 ақпанда Талапкер ауылындағы жерлеу рәсімінен кейін Нұр-Сұлтанға барып, белсенділерді босатып, реформаны талап етуге тырысқан жиырмадан астам адам ұсталды.