Бүгін сенатта азаматтардың борыш жүктемесін төмендетуге бағытталған заң қаралды. Заңда кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылу беру маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салу, сондай-ақ қарыз алушының банктік шотындағы сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен екі есеге дейін ұлғайту туралы нормалар көзделген.
Сенатор Сұлтан Дүйсембинов бұл бастамаларды қолдайды, бірақ шешілмеген басқа да мәселе бар екенін айтады.
«Өмірде әртүрлі жағдайлар болады ғой. Мысалы адамның жалғыз табыс көзі – автокөлігі немесе арнайы құрал-сайманы болуы мүмкін. Министрлік тарапынан болашақта азаматтардың жалғыз табыс көзі саналатын мүлікті өндіріп алуды қорғайтын нормалар енгізу немесе шешу жолдары қарастырыла ма? Жоспарда бар ма?», — деп сұрады ол.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің айтуынша, заңға сәйкес, жалғыз табыс көзі саналатын құрал-сайман тәркіленбейді. Ал автокөлікті тартып алмау туралы ұсынысты министрлік қолдап отыр, заңға енгізуге де дайын.
«Осы сұрақты көтергеніңізге рахмет. Егер де азамат таксиде жұмыс істесе және тек сонымен ғана күн көрсе, оның автокөлігін тартып алмайтындай, сондай баптарды енгізуге дайынбыз», — деп жауап берді шенеунік.
Осы орайда сенат спикері Мәулен Әшімбаев әріптестерін қазақстандықтарды жалғыз баспанасынан айырмау мәселесіне қайта оралуға шақырды.
«Заңда жылыту маусымында жалғыз баспанадан адамдар шығарылмайды деген мәселелер қамтылған. Ал енді ертең жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жалғыз баспанадан шығаруға болады ғой, солай ма? Сонда бұл қалай болады? Мұны қарауымыз керек. Бұл әртүрлі әлеуметтік қиындықтарға алып келетіні түсінікті. Бұл жерде ол шығарылмасын, сонда тұра берсін десек, онда бұл банктердің мүдделеріне де қарсы болуы мүмкін. Адамдарды дұрыс емес әрекеттерге де жетелеуі әбден ықтимал. Әріптестер, осы мәселеге тағы да бір мәрте қарауымыз керек сияқты»,- деп санайды сенат төрағасы.
Әшімбаев борышкерлерді баспанасыз қалдырмаудың жолдарын қарастыруды ұсынды.
«Бәлкім жалғыз баспананы кепілдік ретінде алмауды қарастыруымыз керек пе, әлде ондай адамдарға несиенің берілмеуін әртүрлі формалармен пысықтауымыз керек пе. Өйткені жалғыз баспанасынан айырылып, далада қалған адамдар аз емес. Сондықтан осындай жағдайларды болдырмау үшін соны бір қарап, кейінірек заңдарға тиісті өзгерістер енгізуіміз керек сияқты», — дейді ол.