Балалар үйі немесе медициналық ұйымдар жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы қабылдағанын құзырлы органдарға хабарлауға міндетті. Әйтпесе айыппұл салынып, қамауға алынуы мүмкін.
Одан бөлек құлдық пен жезөкшелік құрбандарына өтемақы төленбек. Притон ұстау мен жеңгетайлық ауыр қылмыс қатарына жатқызылады. Себебі заңға «адам саудасымен байланысты қылмыстар» ұғымы енгізіліп, «кісіні қанау» түсінігі кеңейтіледі.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр адам саудасына қатысты 93 қылмыстық іс тіркелген. Оның 67-і «жеңгетайлық», яғни сексуалдық сипаттағы ақылы қызметтерді ұсынатын притондар ұстау. Сонымен қатар «жеңгетайлық» қызметті «интернет желісі арқылы» жасау деген де саралау үлгісі пайда болады. Сәйкесінше, ол үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылмақ.
“Қазір адам саудасының айналымы 270 миллиард долларға жеткен. Тіпті есірткі бизнесінен асып түсіп отыр. Сұмдық! Бұл түсінікке құлдық та, ағза мүшелерінің саудасы да, қайыр сұрау, жезөкшелік те кіреді. Яғни бұл – адамның материалдық, психологиялық немесе өзге де тәуелділігін пайдалана отырып, қанау. Ол жұмыссыз, баспанасыз, не құжаты жоқ кісі болуы мүмкін. Сондықтан «адам саудасының ықтимал құрбаны» деген жаңа ұғым енгізіліп отыр”, – деді парламент мәжілісінің депутаты Марат Башимов.
Сондай-ақ былтыр адам сатуға байланысты 19 дерек анықталған. Сәйкесінше, әр фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, басым бөлігі бойынша шешім шығарылған. Нәресте саудасы үшін шамамен 16-17 адам жазаланған. Қыздарды шетелдік притондарға сатқан 17 адам жауапқа тартылды. Сәбилер мен кәмелет жасына толмағандарды саудалағаны үшін қылмыскер 18 жылға сотталады.
“Биыл сәби саудасына қатысты үш дерек тіркеліп отыр. Бәрі дерлік Қазақстан аумағында болған. Саудаға түскен сәбилерге қойған баға 100 мың теңгеден бастап, 2 миллион теңгеге дейін барады”, – деп мәлімдеді ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.
Адам саудасына қарсы іс-қимыл органдарының әрекеттесу қағидаларын реттеу жоспарланып отыр. Құлдық пен жезөкшелік құрбандарына қажет көмек көрсетілуі үшін әлеуметтік арнаулы қызметтер ұсынылады. Жаңа заң жобасына сәйкес адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысушылардың татуласу мүмкіндігі жойылады.