Қытайда бөгетті бұзылғаны белгілі болды.
Толығырақ
Бұл жағдайға Су және суару министрлігі түсініктеме берді. Олар Қытайдан келген әріптестерімен үнемі байланыста екенін хабарлады. Қытай тарапы трансшекаралық өзендер арқылы 1400 м3/с су ағызатынын хабарлаған.
Елді мекендерді су басу қаупі жоқ, деп нақтылады министрлік.
– Боран гидропосты ауданындағы Қара Ертіс өзеніндегі су шығыны бүгінде 1700 м3/с, су деңгейі 543 см құрады. Ағынның қашан жететінін ескере отырып, Қара Ертіс өзенінің – Боран ауылының гидрологиялық бекетінде су деңгейінің көтерілуі күтілуде.
Осыған байланысты, ШҚО Қазсушар филиалы мамандарының жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды. Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының контррегуляторы) ағызу 500 м3/с-тан 800 м3/с — қа дейін ұлғайтылды, жағдай министрдің ерекше бақылауында», — деп хабарлады министрліктегілер.
Министр Нұржан Нұржігітов ертең Шығыс Қазақстан облысына барады.
Аудандарға тараған хабар
Қара Ертіс өзенінің маңайындағы аудандарға мынадай хабарлама тараған.
– Қытай Халық Республикасы, Буршын ауданында су қоймасы жарылды. Осы су қоймасындағы жиналған су Қара ертіске құяды, өзен деңгейінің мөлшерден тыс көтерілуіне байланысты Қара Ертіс өзенінің жағалауына бармауларыңыз сұралады, – делінген ақпаратта.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Ал, су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі Құлсары халқы бірнеше рет наразылыққа шыққанын хабарлаған едік.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан алаңға жиналған бір топ азаматты көруге болады. Бейнежазбадан олардың өте көп екендігі байқалады. Бұлар өз талабын айтып шыққан азаматтар. Олардың барлығының баспаналары су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалған.
“Біз сауатсыз емеспіз. Қанағат қылып 400 мыңнан есептеп отырмыз. Соның ісіне сарайы да, қорасы да кіреді,” — деп өз талаптарын жеткізді.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындарына барып, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді.