Олардың үндеуі Маңғыстау облысы әкімдігінің чатында пайда болған. Мұғалімдер бұл әрекетті сыбайлас жемқорлық деп атап,ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен білім министріне басшылықты жұмыстан шығаруды талап еткен. Айтуларынша мектеп басшысы директор өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қысым көрсетіп гастролге келген әртістердің концерттеріне билет сатып алуға мәжбүрлеген.
«Біз білім бөлімінің басшысына және Мұнайлы ауданының прокуратурасына, сондай-ақ Білім министрлігіне жүгіндік. Алайда олар нақты жауап бермеді. Біздің ұжымдық хатымыз қанағаттандырылмады. Осыған байланысты өзіңізге жүгінуге мәжбүрміз», — делінген видеода.
Ал Мұнайлы ауданының №10 мектебінің директоры өзінің атына тағылған барлық айыптарды жоққа шығарады. Ол тек елдің халық әртісі Роза Рымбаеваның концертіне ғана баруға шақырғанын жеткізді. Айтуынша бұл концерт тіптен тегін өткізілген.
«№57 бұйрықпен конкурс бойынша мен Мұнайлы ауданы Батыр ауылының №10 мектебінің директоры болып тағайындалдым. Тағайындалған күннен бастап өз міндеттерімді адал атқарамын. Мұғалімдердің құжаттарын тексеру кезінде мен орта арнайы білімі бар мұғалімдердің жоғары білім деңгейіне сәйкес жалақы алатындығын білдім. Билеттерге келетін болсақ, наурыз қарсаңында ауданымызға Роза Рымбаева келді. Мен мұғалімдерден сол жерге баруды өтіндім. Бірақ бұл тегін қойылым болды. Оларды ешкім күштеп апарған жоқ. Оларға ешқандай қысым жасамаймын. Барлығы тек нормалар мен заңға сәйкес. Керісінше, олар маған жұмысты орындауға кедергі келтіруде», — деді мектеп директоры Күмісай Қансұлтанқызы.