Жедел штабтың мәліметі
Сондай ақ, туыстарына орналасқан 46 адамға ауылға қауіп жоқ екені хабарланып, үйлеріне қайтару бойынша жұмыстар қолға алынған.
Тұрғындарды қайта эвакуациялау жұмыстарына жалпы 2 автобус, 6 газель автокөліктері жұмылдырылды.
— Бөгет қосымша нығайтылуда. Тұрғын үйлер мен обьектілерді су басу орын алған жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта Махамбет ауданында су деңгейі 1020 см, – делінген хабарламада.
Жарылған бөгет
Еске сала кетелік, 22 мамыр күні сағат 23.41-де Жалғансай ауылына кіреберіс тас жолына жақын маңдағы бөгет жарылған еді. Салдарынан елдімекенге қарай су жайылған.
Оқиға орнында жағдайды реттеу бойынша іс — қимылдарды Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев жүргізді.
Елдімекенге тасқын қаупі төнуіне байланысты, Махамбет ауылына Жалғансай ауылына 154 адам эвакуацияланды.
Д. Төленов атындағы орта мектебіне 143 адам орналастырылды, қалған өз қалауымен 46 адам туыстарының үйіне жеткізілді. Сумен шайылған бөгетті күштер мен құралдар және ауыл тұрғындары бірігіп 04 сағат 20 минутта толықтай қалыпқа келтірді.
Тұрғын үйлер мен обьектілерді су басу орын алған жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Электр желісі ажыратылған жоқ. Қазіргі уақытта қалыпқа келтірілген бөгетті қосымша нығайту жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнында жұмылдырылған күштер мен құралдар саны: 842 қызметкер, 84 техника, 21 қайық.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Ал, су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі Құлсары халқы бірнеше рет наразылыққа шыққанын хабарлаған едік.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан алаңға жиналған бір топ азаматты көруге болады. Бейнежазбадан олардың өте көп екендігі байқалады. Бұлар өз талабын айтып шыққан азаматтар. Олардың барлығының баспаналары су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалған.
“Біз сауатсыз емеспіз. Қанағат қылып 400 мыңнан есептеп отырмыз. Соның ісіне сарайы да, қорасы да кіреді,” — деп өз талаптарын жеткізді.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындарына барып, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді.