Қағаз-қала немесе Алатау Қорғастың тағдырын қайталай ма

2024-05-14 16:30:25

Әркен Өтенов – Алматы қаласының байырғы тұрғыны, 1983 жылы 15 қарашада туған. Жұлдыз жорамал бойынша – Скорпион. Оның екі жоғары білімі бар. Қазақстандық және американдық жоғары оқу орындарында халықаралық қатынастар және экономика мамандықтары бойынша білім алған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі.

Алматы облысындағы бірнеше шағын ауылды халықаралық деңгейде танылған қалаға айналдыру Әркен Өтеновтің мойнына жүктеліп отыр. Мұнда жалпы құны 12,5 триллион теңге болатын 170 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Мұндай сомадағы қаражат қайдан бөлінеді, шынымен Ұлттық қорға ауыз саламыз ба, ол жағы әлі нақтыланбады. Ең бастысы, ақша ел игілігіне жұмсалғанын қайдан білеміз, оның ашықтығын кім қадағалайды?

Сондай-ақ 3,7 триллион теңге көлемінде инвестиция тартып, жыл сайын 3,2 триллион теңгеге жуық салық түріндегі бюджет кірісін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Жас Өтенов осындай ауқымды міндеттерді орындауға қабілетті ме? Әлде жыл сайын әкімі ауысып, әр әкім аз-аздан бір-бір жұмысты тындырып кете ме?

Өмірбаянына қарағанда, жаңадан тағайындалған әкім кеңседе жұмыс істеп үйренген «ақ саусақ» секілді. 5 жылдай банк саласында, 3 жыл Президент Әкімшілігінде, 4 жыл Мемлекеттік кірістер комитетінде жұмыс істеген, содан кейін 4 жыл Әкімшілікке қайта оралған. Одан кейін, 2020 жылы ол Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызмет атқарып, бір жыл жұмыс істеген, содан кейін бірден Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі басшысының орынбасары болып тағайындалды, осы қызметте 4 жылдай жұмыс істеді және жаңадан құрылған Алатау қаласына әкім болып тағайындалды.

Алатау қаласының бүгінгі келбеті қандай?

Алатау қаласы Қазақстан картасында 5 ай бұрын ғана пайда болды. 2024 жылдың 10 қаңтарында президент тиісті жарлыққа қол қойды. Осылайша Алматы облысындағы 25 мыңға жуық тұрғыны бар шағын ғана Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қалаға айналды.

Сонымен, Алатау қай қала? Жақын маңдағы ауылдардың (Жетіген, Еңбек, Жаңа-арна, Құйған – автор ескертпесі) бірігуіне байланысты Алатаудың жалпы халқының саны 52 мыңға жуықтады.

Оның үстіне, қаланың 95% дерлік көмірмен немесе газбен жылытылатын жеке сектор болып табылады. Бүгінде Алатау – қала орталығындағы екі қабатты ескі үйлер, аулаларында сарайлар мен гараждар, орталық көшеде бір-екі дәмхана, жанар-жағармай құю бекеті мен көлік жуу орны бар, сондай-ақ шашылған қоқыс, қаңғыбас ит пен мысық шұбырған шағын қала.

Сондай-ақ екі шағын базар, аурухана, 6 мектеп, шіркеу мен мешіт, 13 балабақша, полиция пункті мен теміржол вокзалы, әскери аэродромы бар. Инфрақұрылымның бары осы.

Бейресми түрде қаланың қожайыны – олигарх Юрий Цхай, ол Ұлттық қордан немесе ҚДБ-дан ақша алуды жоспарлап отыр.

Қалада іс жүзінде жұмыс жоқ, сондықтан еңбекке жарамды тұрғындардың көпшілігі жұмыс істеу үшін күн сайын 47 шақырым жердегі Алматыға барып келеді. Қалғандары қолындағы азын-аулақ малымен, көкөніс егіп, соны сатумен күнкөреді.

Айтпақшы, Қазнетте Жетіген ауылы «автобустар зираты» деген атаумен танымал. Алматының қоқысқа тастаған ескі-құсқы қоғамдық көліктері Жетіген ауылында мәңгілік тыныс тапқан. Осыған қатысты фото-видеолар былтыр жазда интернетте ке тараған еді.

Алатау болашақта қандай қалаға айналуы тиіс?

Шенеуніктердің жаңа қалаға қатысты өз жоспары бар. Мысалы, 2050 жылға қарай Алатау халқының саны 2 миллионнан асады деген болжам айтылады. Осы уақытқа дейін олар мұнда 1 миллион жұмыс орнын ашамыз дейді.

Бұл ретте қалаға жылына 36 миллионға дейін турист келеді. Шынында, жоспарлары өте батыл қадамдарға құрылған, ал цифрлар жердегі жұмыр басты пенденің ойына үш ұйықтаса да кірмейтін цифралар. Осы мақсатта Алатау қаласы Gate, Golden, Growing және Green деп аталатын 4 бөлікке бөлінеді.

Жалпы, қалада 161 балабақша, 162 мектеп, 69 емхана және 29 өрт сөндіру бекетінің құрылысы жоспарланған. Мұның барлығы 88 мың гектар аумақта орналасады.

Ал, сіз жоспарлардың орындалатынына сенесіз бе? Осы орайда құрылысына бірнеше жыл және миллиардтаған бюджет қаражаты кеткен Қорғас қаласы ойға оралады.  Бөлінген қаражат талан-таражға түсіп, ақырында «Қорғас ісі» бойынша 80 адам сотталғанын ешкім ұмытпаған шығар. Қорғас қандай, тура шекараның аржағындағы қытайлық шаһар қандай? Екеуі екі ғаламшарда тұрған секілді елестейді.

«Сақалды» қала

Бастапқыда оңтүстік астананың кептелісін жоюға көмектесетін Алматының серіктес қалаларын құру идеясы туындады. Алатаудың қазіргі 4 аймағының барлығы (Gate, Golden, Growing и Green) жеке шағын қалалар ретінде ойластырылған еді.

2006 жылы пилоттық жоба да әзірленді. Бірақ әдеттегідей, жоспар жүзеге асады дегенше 7 рет қаралып, түзетілді. Осы уақыт ішінде, яғни 2008-2015 жылдар аралығында, баспасөз беттерінде айтылғандай, Алматы маңайындағы шағын қалалардың құрылысына 31,4 млрд.теңге жұмсалды.

Тіпті 2012 жылы кореялық инвестор Posco E&C компаниясымен бір қалашықтың құрылысына 640 миллион долларға келісім-шарт жасалды. Бірақ арада бір жыл өткенде сол кездегі премьер-министр Серік Ахметов Gate City құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын сынға алды. Ол кореялық компанияға супер заманауи қала салмасаңдар, ақшаны қайтарыңдар деп талап қойды. Ол кезде қаланың жарық, газ және су құбырлары дайын болған.

Одан кейін 2014 жылдың қыркүйегінде «ҚазҚСҒЗИ» АҚ – құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты спутник қалалардың жобалары сәтсіз идея және одан бас тарту керек деген сараптамалық қорытынды жасады. Алматының экс-әкімі Ахметжан Есімов сарапшылар қорытындысымен келісетінін айтып, G4 City жобасына қарсы шықты.

2017 жылдың желтоқсанында экс-премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Gate City спутник-шаһарының бас жоспарын сызып тастады, ал 2019 жылы Алматыға әкім болып тағайындалған кезінде Gate City-ті қала балансына беруді ұсынды.

2020 жылы Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов спутниктік қала жобасы 2021 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайтынын мәлімдеді. Инвестор ретінде сингапурлық Surbana Jurong Group компаниясы жарияланды. Бірақ құрылыс жұмыстары сол бойы басталмады.

3 жылдан кейін, 2023 жылдың қарашасында жоба «Алатау» деп өзгертілді және оған барлық спутник қалалар (Gate, Golden, Growing и Green) біріктірілді. Ал 2024 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан картасында ресми түрде жаңа Алатау қаласы пайда болды.

 

Последние новости

14.05.2024
«Сүйіктісінің көлігін сатып жіберген»: Бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікпен алматылық жігіт ұсталды
14.05.2024
Жетісуда жан түршігерлік жол апаты болып, жас қыз қаза тапты (ВИДЕО)
14.05.2024
Қазақстандағы орташа жалақы көлемі белгілі болды
14.05.2024
Сотталғандар казино ойнаған: Алматы облысында колония басшысына үкім шықты
14.05.2024
Мопед жүргізушілеріне көлікті тіркеп, А1 санатындағы лицензия алу үшін алты ай уақыт беріледі
14.05.2024
Спортта Қазақстанның намысын 200-ден астам легионер қорғап жүр
14.05.2024
Бектенов туристерді Қазақстанның әдемі жерлеріне шағын тікұшақпен апаруды ұсынды
14.05.2024
«Тиранның тактикасын түсіндік»: Дина Төлепберген Бишімбаев үкіміне қатысты пікір білдірді