Әлеуметтік желіде қазақстандық студенттерді Қытайдан әкелінген вакцинаның жапсырмасын ауыстыруға мәжбүрлейтіні туралы ақпарат тарап кетті. Денсаулық сақтау министрлігі оны жоққа шығарды, деп хабарлайды Stopfake.kz сайты.

WhatsApp мессенджерінде тараған аудижазбада әйел медициналық оқу орында оқитын студентті кездестіргенін айтады. Оның айтуынша, студенттерді сабақ уақытында жасырын түрде "СК-Фармацияның" қоймасына алып барады да, қытайлық вакцинаға қазақстандық екпенің стикерлерін жабыстыруға мәжбүрлейді. Сөйтіп, шетелдік препаратты отандық өнім ретінде ұсынады. Қоймаға ұялы телефонмен кіргізбейді және орындалуы тиіс күнделікті жоспар да бар.

Денсаулық сақтау министрлігі қытайлық вакцинаны QazVac стикерлеріне ауыстыру туралы қауесетті жоққа шығарды.

Ресми мәліметке сәйкес, 30 сәуірде Қазақстанға "Hayat-Vax" вакцинасының 400 мың қаптамасы жеткізілді. Бұл – қытайлық екпе. Бірақ Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған.

Вакцинаның нұсқаулығы мен белгілері араб және ағылшын тілінде жазылған. Ал "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінң 242-бабына сәйкес, елімізде барлық дәрілік заттар қаптамасына қазақ және орыс тілінде жақсы оқылатын қаріппен басылған таңбамен айналымға түсуі тиіс.

"Қажетті белгілерді қоюға және нұсқаулығы бар парақтарды буып-түюге ерікті студенттер көмектесті", – дейді министрлік мамандары.
Стикерлеу СК-Фармацияның Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе мен Шымкент қаласындағы хабтарда жүзеге асырылды. Әр қоймада 20-40 штаттық қызметкер жұмыс істеді. Жұмысты тездету мақсатында еріктілердің көмегі ұсынылды. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында – 2 адам, Алматы қаласында – 5 адам, Ақтөбе қаласында – 10 адам.


Қоймаға кірердің алдында барлық келушіге тиісті ережелер түсіндірілді. Қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық та берілді. Ал стикерлер мен аннотацияларды дайындау, сондай-ақ стикерді қаптамаға жабыстыру волонтерлік қызмет негізінде жасалғандықтан, қандай да бір келісімдер мен шарттарға қол қою көзделмеген.