Терезеден секіріп кетті: Оралда әскери комиссариатта болған оқиғаның мән-жайы

2020-12-29 16:20:13
Аты-жөнінің аталмауын қалаған әйел бұл туралы "Мой город" басылымына айтып берген. Оқиға Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент ғимаратында 8 желтоқсанда болған.


Әйелдің айтуынша, ол ұлының атына келген әскери комиссариатқа шақыру қағазын алған күні-ақ мерзімін ұзартып, кейінге қалдыруды сұрап әскери комиссариатқа барған.

"Мен ең болмағанда оны көктемге дейін қалдыру туралы өтініш жазғым келген. Өйткені ол менің жалғыз көмекшім әрі өзімнің денсаулығым да нашар. Алайда әскери комиссар мүгедек емессің және жұмыс істеуге мүмкіндігің бар деп менің өтінішімнен бас тартты", – дейді әйел.
Осылай деген әскерилер онымен бірге үйіне барып, ұлын әскери комиссариатқа алып келген. Бұл жерде әскерилер жас жігітпен әңгімелескен.

"Бізді Абай даңғылы бойындағы қалалық әскери комиссариатқа апарды. Маған күте тұрыңыз деп баламмен сөйлесті. 15 минуттан кейін екі әскери қызметкер нақ бір қылмыскерді жетекке алғандай ұлымды кабинеттен шығарды", – дейді ол.

Көп ұзамай әйелді үйіне қайтарады. Бірақ ол жолда келе жатып, ұлының ауруханаға түскендігі туралы хабарлама алады.

"Ол жерге келгенімде балам мүгедектер арбасында болды және маған оның терезеден секіргенін айтты. Балама жұлын жарақаты деген диагноз қойылды. Оның екі аяғы сынып, операция жасалды. Қазір ол үйде. Тігістерінің жібі алынғанымен әлі де жүре алмайды. Сап-сау ғана балам екі сағаттың ішінде мүгедек болып қалды", – дейді көз жасына ерік берген ана.

Баласы анасына әскери комиссариатта қысым жасалып, киімінен жұлқылап ұстағандықтан ол терезеден секіргенін айтқан. Бүгінде жас жігіттің шешесі тиісті органдарға өтініш жазып үлгерген және ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат дайындап жатыр.

Ал бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Рафхат Мәжитов шақырылушының анасы жұмыс істеуге қабілетті болғандықтан, ол әскери міндеттен босатылмайтынын алға тартады.

"Жігіт әскерге шақырту қағазы бойынша келмегендіктен, біз бұл туралы полицияға хабарлауға мәжбүр болдық. Сол күні анасы келіп, ұлының үйде екенін айтты. Оны медициналық тексеруден өткізу үшін облыстық жұмылдыру пунктіне алып бардық. Сол жерде ол қашқысы келіп, терезеден секірді", – дейді ол.

Оның айтуынша, қызметкерлер жас жігітті әскерге шақыруға міндеттелгендіктен, әскери комиссариат тарапынан ешқандай заң бұзушылықтар болмаған.