Маңғыстау облысында жылқылар аштан қырылып жатыр. Қыстың жылдағыға қарағанда ерте түсуі қыл құйрықты Қамбар ата түлегін асыраушыларға оңайға соқпапты. Жылқының қанша басы өлгенін ешкім тап басып айта алмайды. Дегенмен, жұртшылықтың есебі бойынша, қыс басталғалы 300-ге жуық жылқы қырылған. Әбігерге түскен халық жем-шөптің тапшылығынан әбден қиналғанын айтады. Ал жағдайды өз есебіне пайдалануға тырысқан пысықайлар жем-шөптің бағасын шамадан тыс өсіріп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Маңғыстау облысындағы жылқылардың қырылып жатқаны туралы әлеуметтік желілерге Онды ауылының тұрғыны, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Жәнібек Қожық жазды. Бірақ аз уақыттан соң әлеуметтік желідегі жазба алынып тасталды. Дегенмен, біз автордың жазбасы мен ол жариялаған фотоны жүктеп үлгердік.
Қыс басталғалы қалың қар мен жалтыр мұздан шөп тауып тебіндей алмаған жылқы аштан қырыла бастаған. Ал қысқы жем-шөбін қамдап үлгермеген шаруалар енді тапшылыққа тап болып, облыстағы жергілікті атқарушы биліктен көмек күтуде.
«Қазақ амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп бірінші малды сұрайды. Халқымызды ғасырлар бойы аман сақтап келген – қолындағы төрт түлік малы. Қазақ малдан айырылса, жанынан да айырылады. Кешегі 1930 жылғы зобалаңда Кеңес өкіметі бірінші қазақтың малын құртты. Малынан айырылған қазақ жанынан да айырылды. Қазір ондай заман емесі белгілі, бірақ жұмыссыз ауыл халқының басты күн көрісі қолындағы аз ғана малы. Ауылдың қарапайым халқы қуанса да, қорықса да, қиналса да, ауырса да, қолындағы адал малын жаратады. Бірақ Маңғыстауда мал бағу оңай емес, су тапшы, шөп ауа райына тәуелді, жем жоқ. Маңғыстау малшыларына жыл сайынғы ауа райының жылылығы көмектесіп келеді. Мал қыс бойы далада жайылады. Халық ешкімнен көмек сұраған емес. Биыл Маңғыстауда жауын-шашын өте сирек болды. Шөп көктемей қалды, соның салдарынан малымыз қысқа арық шықты. Онды ауылының кейбір шаруа қожалықтары жылқыларын қырға шығарды. Бірақ қырда да шөп болмады, амалсыздан қырдан жылқыларын ерте құлатты. 12-24 қараша аралығында боран соғып, күшті жел болды. Арасында жауын жауып, арты мұзға айналды. Қараша айының 25-інен бастап қазірге дейін Онды, Үштаған ауылдарында қалың қар жатыр. Арасында қар жаңбырға айналып, қардың беті мұз болып қатып қалды. Айнала теп-тегіс қар, шөп түгілі, шөңге де көрінбей қалды. Халықтың қымбатқа алған жем-шөбі түгесілуге айналды. Даладағы жылқылар қазірден бастап қырылып жатыр», - дейді Онды ауылының тұрғыны Жәнібек Қожық.
Ауыл тұрғынының айтуынша, осы жағдайды дереу пайдаланған пысықайлар жем-шөптің бағасын еселеп арттырған. Ауыл тұрғыны облыс әкімі Серікбай Трұмовқа және «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа хат жазған.
«Нақты санын ешкім білмейді. Қазірдің өзінде 300-ге жуық жылқы аштан қырылып қалды. Жемнің бағасы өте қымбат. Құнары жоқ 20 кг кебек жем 1500 теңгеден сатылады. Бір келі кебек жемнің бағасы 75 теңге, 1 тук, 18-20 кг шөптің бағасы күзде 750-1000 теңгенің арасында сатылды. Бұл баға теміржол келіп тұрған аудан орталығы Шетпеден ауылдарға барғанда тағы көтеріледі. Қазір ауылда сатып алатын шөп те жоқ. Бұл қыстың алғашқы айы, алдымызда 2 ай қыс бар. Қаңтар, ақпан, наурыз айларында буаз малдың іші өседі. Сол кезде малға жем-шөпті көп жеу керек. Егер де қар кетіп, жердің шөбі ашылмаса, Онды, Үштаған ауылдарында жылқы малы мүлдем қалмауы да мүмкін. Бұл жерде қарапайым ауыл халқы ешкімді кінәлап отырған жоқ. Олар өлген малына өтемақы да сұраған емес, бізге тегін жем-шөп бер деуден де аулақ. Тек арзан жем-шөп болса, қалған малымызды аман алып қалар едік дейді. Біз ауыл шаруаларын да, әкімдерді де кінәлаудан аулақпыз. Өткен іс өтті, өлген мал өлді, енді халықтың қалған малын аман алып қалуымыз қажет. Сондықтан да құрметті жоғарыда аттары аталған азаматтар! Қазақстанның бір жерінде шөп, енді бір облысында жем арзан деп естиміз. Біздің тасып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Көлікпен тасу қиын, вогон жалдау қымбат.
Қарап отырсақ, малымыз қырылып барады. Сіздерден өтініш, бізге жол шығынын өздеріңіз көтеріп, Маңғыстауға жем-шөп тасып берсеңіздер екен. Біз маңғыстаулықтар, қазақтың қай жерінде қиындық болса, сол жерге көмегімізді аяп қалған емеспіз. Маңғыстаудың қарапайым халқы кеше Арыста жарылыс болғанда, Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылып Мақтарал ауданының тұрғындары баспанасыз қалғанда, халық қолындағы жарты нанын бөліп берді. Бұл қазақтың бірлігін, бауырмалдығын көрсетпей ме?!», - дейді Жәнібек Қожық.
Кейінірек жазба авторы Маңғыстау облысы әкімшілігінен азаматтар хабарласып, жем-шөп мәселесін өзіміз шешеміз деп уәде бергенін айтты.
Аталған мәселе бойынша Маңғыстау облысы әкімдігімен телефон арқылы хабарласып, жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сұрадық. Облыс әкімінің баспасөз қызметі жетекшісінің айтуынша, кім қысқа ертерек әзірленсе, соларда жем-шөптен еш қиындық болмаған. Ал әкімдік арзан бағада жем-шөп жеткізу жұмысын жалғастыруға кірісіпті.
«Биыл Маңғыстауға қар ерте түсті. Қыстың қамын жазда ойлаған тәжірибелі шаруалар жем-шөбін ертерек қамдап алған. Бірақ көпшілігі шөпті дайындап үлгермеген. Бұл «жұт болып жатыр, ойбай, жаңағы пәленше жетпей жатыр» деп дүрліктіретіндей дүние емес. Мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, әкімдік тарапынан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация бар, әйтеуір халықтың жанынан табылуға тырысып, көмектесіп жатырмыз. Бірақ бұл жаппай болып жатыр деген сөз емес. Кейбір шаруашылықтың жағдайы дайын болмай қалды. Сондықтан шығынға ұшырап отыр. Әйтпесе, малдың тілін білетіндер, көп жылдан бері тәжірибесі барлар жаздан бері қамданып, жүре алмай жатқан атын, жылқысын дайындап, қысқа сақадай сай отырғандар ғой. Ал біреулер ақшасын қимады немесе үнемдеймін деп ойлады. Жетіспей жатқан ештеңе жоқ. Малға жем-шөп бар. Бірақ баға мәселесіне келген кезде кейбіреулері назын айтып жатыр», - дейді Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Самат Сүлей.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір Маңғыстау облысы бойынша 1355,5 тонна жем сатылымда.
«Кешегі күні Маңғыстау ауданына 50 орам шөп жеткізіліп, Шетпе ауылы басында 16 орам 15 000 теңгеден сатылып, 34 орам Онды ауылына жолданған болатын. Нәтижесінде 27 орам шөп сатылып, 7 орам шөп Шетпе ауылына қайтып жіберілген. Жоғарыда аталған мәселені шешу барысында, облыс әкімі Серікбай Трұмовтың тапсырмасына сәйкес Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы және Маңғыстау ауданы кәсіпкері М. Қармысов Ақтөбе облысынан шөп жеткізу жұмыстары бойынша келіссөз жүргізуде. Бүгінгі күні 140 орам шөп облысымызға жөнелтілді. Жалпы, 400 орамға келісімшартқа отырған болатын. Аталған бағыт бойынша жұмыстар жалғасуда», - деді Самат Сүлей.
Маңғыстауда жылқылар аштан қырылуда
2020-12-25 12:20:13
Последние новости
25.12.2020
Қазақстан "сары" аймаққа кірді