Белгілі тележүргізуші, продюсер Динара Сәтжан 8 жастағы қызын ішкиіммен далаға шығарып жіберген астаналық әйелмен сөйлесті. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында хабарлады, деп жазады sputnikNews.kz.
"Қыздың анасы өкініп отыр. "Сабақ алдым. Ақшаның жетіспеушілігінен, бөлме жалдаудан, үнемі жұмыс іздеуден шаршадым. Кеше балаларға ашуландым. Мен олардың басқа біреудің затын алғанын қаламаймын. Бұлай болмау керек екенін түсіндіру үшін қызымды далаға шығарып жібердім" дейді", - деп жазды Динара Сәтжан.
Тележүргізуші суретті желіде жариялап жіберген Аида есімді келіншекпен де әңгімелескен. Видеода ол зәбір көрген қыздың анасымен көрші тұратынын және фотоны салғанына өкінетінін айтады.
Еске сала кетейік, желі қолданушысы Ильмира Жұмат елорданың Сарыарқа ауданында тұратын әйел 8 жастағы қызын ішкиіммен ғана далаға шығарып жібергенін жазып, дабыл қаққан болатын. Оның сөзіне қарағанда, фотоны көршілер түсірген.
Астаналық әйел қызын аязда киімсіз үйден шығарып жіберді – сурет желіде тарады
Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын білді.
"23 желтоқан күні кешкі сағат 21.20-да полицияға елорда тұрғыны көршісі алты жасар ұлын ұрып жатқанын, ал сегіз жастағы қызын далаға қуып жібергенін хабарлады. Полиция қызметкерлері 35 жастағы әйелді анықтады. Оның айтуынша, балалар ойнаймыз деп, көршінің кірқыстырғыштарын рұқсатсыз алған", - дейді құқық қорғаушылар.
Қалалық департаменттің ювеналды полициясы отбасыны есепке алды. Ал полицейлер мен білім басқармасы балалардың заңды тұлғаларына қатысты тиісті шешімді шығару үшін мәселенің мән-жайын анықтауға кірісті.
Қызын киімсіз үйден шығарып жіберген әйел: "Бөлме жалдаудан шаршадым"
2020-12-24 16:20:26