Петропавлдық әйел мініп жүрген көлігінің ұрланғанын білмеген

2020-12-24 16:20:26
Петропавлдың тәртіп сақшылары Ресейде ұрланып, іздеуге қойылған екі машинаны анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда патрульдік полиция батальонының экипажы ресейлік тіркеу нөмірін таққан «Seat Leon» автокөлігін тоқтатқан. Машинаның құжаттарын тексеру кезінде оның ұрланғанын, РФ ІІМ Түмен облысы бойынша басқармасы көлікті 2 қыркүйек күні іздеуге қойғаны анықталды.

Осы дерек бойынша материал жиналып, «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеушілер көлікті қашан, кімнен алғаны жайында әйелден жауап алды. Оның айтуынша, көлікті сатып аларда тексермеген, яғни оның ұрланғанын білмеген. Тергеу аясында сараптама жүргізіліп, техпаспорт пен автокөлік vin-кодының сәйкестігі тексеріледі. Оның іздеудегі автокөлік екендігі анықталған жағдайда СҚО полицейлері материалды ресейлік әріптестеріне жібереді. Ал көлік заңды иесіне қайтарылмақ.

Жүргізуші әйелдің айтуынша, көлікті сатып аларда тексермеген, яғни оның ұрланғанын білмеген.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл желтоқсан айында тіркеліп отырған осымен екінші оқиға. Айдың басында патрульдік полицейлер Петропавлдағы Астана-Брусиловский көшелерінің қиылысында «Chevrolet Cruse» көлігін тоқтатқан. Ол машинаның Ресейдің Челябі облысында ұрланғаны анықталды. Көлік жүргізушісі, облыс орталығының тұрғыны ұсынған құжаттарда қолдан жасау белгілері болған.

«Цифрлық технологияны қолдану патрульдік полицейлердің жұмысын оңтайландырды. Электронды планшет арқылы олар әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі мәліметтер базасына кіре алады. Олар қалада жүріп келе жатып-ақ мемлекеттік нөмірін базаға енгізіп, көлікке қатысты сақтандыру, техникалық байқау сияқты бар мәліметті ала алады. Шетелдік тіркеуі бар көлік мінгісі келетін автожүргізушілерге оны алмас бұрын мұқият тексеру қажеттігін еске саламын», - дейді Петропавл қалалық ПБ ППБ командирі Қанат Әлімжанов.