Алматыда автобустың артына жабысып алған экстремалдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Алматы қаласының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
Қоғамдық көліктің артына жабысып алған ер адамның видеосы Instagram желісінде жарияланды.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл қауіпсіздікті өрескел бұзу екенін атап өтті.
«Бұрындары осындай әрекет жасағандар жауапқа тартылған болатын. Біз бұл адамды анықтап, тауып, жауапқа тартамыз», - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін тағы бір экстремал блогер Алматы метросының бейнебақылау камерасына түсіп қалған болатын.
«Абай» станциясында түсірілген кадрдан пойыздың келе жатқанын және вагонның артында жабысып тұрған жігітті көруге болады. Пойыз тоқтағаннан кейін жас жігіт перронға секіріп, соңғы вагонға кіреді.
Кейін ол ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы полициясы автобустың артына жабысып алған экстремалды іздеп жатыр
2020-12-11 16:20:32