Елордада екі күнде мас күйде көлік жүргізген 23 жүргізуші ұсталды

2020-12-07 16:20:12
Нұр-Сұлтан қаласының тәртіп сақшылары екі күннің ішінде мас күйде көлік жүргізген 23 жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен аптада сенбі күні түнде Жұмабаев көшесінде тәртіп сақшылары «BMW» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Аталған көліктің жүргізушісін құжаттарын тексеру кезінде 25 жастағы жігіттен ішімдіктің иісі сезілген. Көлік жүргізуден оны шектеген жол полицейлері жас жігітті медициналық куәландырудан өткізуді ұсынған. Дәрігер-нарколог оның жеңіл дәрежеде мас болғанын анықтаған.

Ұсталған азаматтың үстінен Әкімшілік кодекстің 608-бабы 1-бөлігі бойынша қылмытсық іс қозғалып, оның көлігі айып тұрағына жеткізілді. Әкімшілік соттың шешімімен мас күйде көлік тізгінінен отырған жас жігіт 15 тәулікке қамалып, 7 жыл бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды.

«Жол апаттарының алдын алу үшін елордалық полицейлер жол ережелерін бұзу фактілеріне баса назар аударуда. Осы мақсатта департамент «Мас жүргізуші – қылмыскер» жедел алдын алу шараларын тұрақты түрде өткізеді», - деп хабарлайды департаменттен. Полиция қызметкерлері көлікті мас күйде жүргізген азаматтарды көрген адамдарға 102 немесе 71-65-25 нөміріне хабарласуды сұрайды.