14 қыркүйек сағат 23:00 шамасында Алматы қаласы Алатау ауданындағы Шоссейная көшесіндегі қонақ үй кешенінде өрт шықты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

«Кеше сағат 22.30 шамасында қызметкерлерім маған қоңырау шалып, қатты түтін шығып, өрт дабылының қағылғанын айтты. Мен тездетіп жұмысқа келіп, арнайы қызметті шақырдым. Сонда бір жігіт бөлмеде ұйықтап жатқан жас жігітті құтқарып, өмірін қатерге тікті. Кейін белгілі болғандай, ол Алатау ауданының полиция қызметкері болып шықты», – деді қонақ үй кешенінің иесі.

Әңгіме Алатау ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары Жансерік Мыңжасаров туралы болып отыр. Сол сәтте Ж.Мыңжасаров кезекшілікте болып, Шаңырақ шағынауданына қарай бет алған.