Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаевқа куәгерлердің бірінен Тораңғұл көлінің ар жағындағы егістікте белгісіз адамдар аңды автокөлікпен қуып, елік атқаны туралы хабарлаған. Хабарлама сол сәтте аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, оқиға болған жерге жақын маңда жүрген Заградовка мен Бұлақ ауылдық округтерінің учаскелік инспекторлары барған, деп хабарлайды AZattyqRuhy.kz.

Полицейлер «Audi 80» және «ВАЗ 21060» автокөліктерін басқарған ауданның 25 және 20 жастағы екі тұрғынды ұстады. Олардан екі аңшы пышағы, 12 калибрлі патрон, пневматикалық тапанша мен атыс жарақаты келтірілген және аяқтары сынған еліктің денесі алынды. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енді.

«Күз кезіндегі аң аулау маусымында орман шаруашылығымен бірлескен рейд күшейтілді. Полиция бөліністеріне облыстың биоресурстарын браконьерлік жолмен аулаудан қорғауға бағыт берілді. Жұмыс мүдделі ведомстволардың өкілдерімен бірлесе жүргізілуде. Жыл басынан СҚО-да экология саласында 14 қылмыстық іс тіркеліп, аң аулау қағидаларының 393 бұзушылығы анықталды. Ең көп кездесетін бұзушылық – қаруды сақтау, тасылмалдау қағидаларын бұзу мен рұқсат құжаттарының болмауы», - дейді аға инспектор Асхат Қожабаев.

Күдіктілерге қатысты міндетті келу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды, атыс қаруын іздеу бойынша шаралар қабылданды. Келтірілген шығын сомасы анықталып жатыр.