Қазақстан әскери күш-қуат жағынан әлемдік рейтингте нешінші орында тұр

2020-08-11 13:00:49
Қазақстан әскери күш-қуат бойынша әлемнің 138 мемлекеті ішінде 63-ші орыннан көрініп, Өзбекстан, Беларусь, Тайланд пен Нигериядан қалып қойды, деп хабарлайды SputnikNews Global Firepower басылымына сілтеме жасап.

Рейтингте алғашқы орында АҚШ тұр. Екінші орында – Ресей, ал үшінші орында Қытай. Үздік ондыққа Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мысыр мен Бразилия енді.

Қазақстан Болгариядан кейін 63-ші орында тұр. Бізден кейін Әзербайжан орналасты. Ал Таиланд (23), Оңтүстік Корея (25), Украина (27), Өзбекстан (52), Беларусь (53), Ангола (56) және тағы басқа мемлекеттер алға шығып кетті.

Рейтинг қалай жасалады

Басылым негізгі 50 көрсеткішке баса назар аударды. Олар:

қорғаныс саласына кететін шығындар;
техника мен құрал-жабдықтардың арсеналы;
әскердің саны;
танк, кеме, ұшақ пен басқа да әскери техниканың саны;
мұнай өнімдеріне қолжетімділік;
әскердің соғысқа қабілеттілігіне әсер ететін басқа да факторлар.
Рейтингті құру кезінде ядролық қарудың бар-жоғы есепке алынған жоқ.

Қазақстанда қорғаныс саласына қанша қаржы бөлінеді?

Finprom.kz. сайтының мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда республикалық бюджеттің шығыстары 7,4 триллион теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,8 процентке артық.

Қорғаныс саласына бөлінген қаржының көлемі 311,4 миллиард теңгені құрады. Ол шамамен 745 миллион доллар. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 4,2 процентке өскен. Былтыр 298,9 миллиард теңге немесе 713 миллион доллар болған.

Жалпы, 2019 жылы республикалық бюджеттен қорғаныс саласына бөлінген қаржының көлемі 738,7 миллиард теңгені құрады.