Қазақстанда 3 миллион бала жаңа оқу жылын қашықтан бастайды

2020-08-11 11:00:48
Қазақстанда 3 миллионнан астам бала жаңа оқу жылын қашықтан бастайды. Оның ішінде, 400 мың жеткіншек – бірінші сынып оқушылары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Премьер-министрінің ресми ақпарат көзінің хабарлауынша, коронавирус жұқпасының бәсеңдемеуіне байланысты жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында балалар қашықтан білім алады. Дәстүрлі оқу форматы бойынша шағын жинақты мектептер ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар карантин талаптарының қатаң сақталуымен кезекші сыныптар ашылады. 2020-2021 оқу жылдарында Қазақстанның 7391 мектебінде 3,3 миллионнан астам бала білім алмақ.

Үкімет басшысы пандемияны есепке ала отырып, онлайн форматта оқытудың өз методологиясын жасап шығаруды тапсырды. Оқушылар мен мұғалімдер қашықтан жұмыс істеуге әзір болуы тиіс. Телевидение мен интернет платформаларды арнайы контентпен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Барлық оқулықтардың электронды нұсқалары интернетте қолжетімді болады. Тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 500 бала компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі.

Қазақстанда білім беру саласындағы қызметтер тұрақты даму көрсеткішіне ие. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бастауыш білім беру саласында көрсетілген қызмет көлемі 62 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 16 есе көп. Негізгі және орта білім беру саласында 303,9 млрд теңге жұмсалған, биыл бұл көрсеткіш 44,8 пайызға жоғары.

Өңірлер арасынан халқы көп Түркістан облысының бастауыш білім беру саласына ең көп қаржы, яғни бірінші тоқсанда 14,8 млрд теңге жұмсалған. Одан кейін Алматы (9 млрд теңге) және Жамбыл (7,5 млрд теңге) тұр.

Негізгі және орта білім беру саласындағы ең көп қызмет Алматы облысында көрсетілген, ол 41 млрд теңгеге бағаланды. Одан кейін Түркістан (35,9 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан (25,5 млрд теңге) өңірлері тұр.