Алматы облысында ер адамның көптен бері әйелі мен балаларын аяусыз азаптап келгені әшкере болды. Әйелін қорқыту үшін ол үш айлық баласын дәретхана суына тұршықтыруға тырысқан. Бұл туралы "Не молчи" қоғамдық қорының өкілдері мәлімдеді, деп жазады SputnikNews.kz.
Ерлі-зайыптылар бір жылдан астам уақыттан бері бірге тұрған. Осы уақыт ішінде әбден қысым көрген әйел полицияға хабар беруге қорыққан. Бірінші некеден екі ұлы бар әйелдің соңғы күйеуінен ортақ перзентінің туғанына үш ай болған.
"3 тамызда әйелдің анасы бізге қоңырау шалып, қызының күйеуінен зәбір көріп жатқан сәті түсірілген суреттер жіберді. Оны немересі түсіріп алған екен және мұндай жайт бірінші рет емес көрінеді. Оны білім қалған ер адам телефондарды жиып, есіктерді жауып алып, оларды көмек сұрау мүмкіндігінен айырған", - деп жазды қордың негізін қалаушы Дина Смаилова.
Қоғамдық қор өкілінің айтуынша, тоғыз жасар баланың жуыну бөлмесіндегі су ағызу шүмегін абайсызда сындырып алғаны үшін ер адам жасөспірімге зәбір көрсеткен.
"Содан кейін ол анасы мен балаларды ұрып-соғып, денесін көгерткен. Тіпті, үш айлық баланы ұстап алып, әйелін қорқыту үшін дәретхана суына тұншықтыруға тырысқан. Әйелдің қабырғасы сынып, бас миы шайқалған. Сондай-ақ, үлкен ұлының да қабырғасы сынып ауруханаға түсті", - делінген жарияланымда.
Зардап шеккен әйелдің анасының айтуына қарағанда залым кісі олардың отбасына үш жыл бұрын келген және бірнеше айдан кейін әйеліне қорлық көрсете бастаған. Әрекетінің жария болмауы үшін балаларын қорқытып, қысымда ұстаған. Сонымен қатар, әйелдің шешесі ер адам төрт жасар баланы зорлаған болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Қазіргі жағдай қалай өрбуде
Дина Смаилова қазіргі кезде балалар қосымша сараптамалық тексерістен өтіп жатқанын мәлімдеді. Ол мұндай сұмдық жағдайға қатысты ақпаратты Іле аудандық полиция бөліміне шұғыл тапсырғанын айтады.
Тиісті сала мамандары мен құқық қорғау органдарының жетекшілері дереу оқиға орнына жетіп, ер адам кәмелетке толмағандарды азаптады деген күдікпен қамауға алынған.
"Не молчи" өкілдерінен осындай хабар түскен бойда іске шұғыл кірістік. Әйел өзі мен балаларының зорлық-зомбылық көргенін айтып, арыз жазды. 1976 жылы туған ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бап, 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша (кәмелетке толмағанға қатысты азаптау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл әрекет үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Үш айлық баласын дәретхана суына тұншықтыруға тырысқан әкенің әрекеті әшкере болды
2020-08-07 17:00:44