"СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев Instagram желісіндегі фотосын не себепті алып тастағанын түсіндірд, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер Есқалиевтың Instagram желісіндегі соңғы фотосына қатысты сұрақ қойды.
"Сізді "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы қызметіне тағайындағанда Instagram желісіндегі парақшаңызда бір фото болды. Онда жұбайыңыз екеуіңіз Ксения Собчакпен бірге тұрсыз. Датасы "сәуір айы" деп белгіленген еді. Артынан Instagram парақшаңызды толығымен жауып тастады. Елдің бәрі карантинде отырғанда сіз банкеттегі фотоңызды жариялапсыз. Сонда қалай? Осыны қалай түсіндіресіз?", - деп сұрады тілшілер.
"СК-Фармация" басшысы Ксения Собчакпен бірге жеті жыл бұрын түскенін жеткізді. Бірақ фотоны биыл ғана жарияладым деп отыр.
"Ол фотоның жеті жылдық тарихы бар. Жұлдызбен фотоға түскіміз келді. Басқа ой болған жоқ. Ол кезде менің салмағым, шамамен, 130 келі болған. Қазір 105 келіге түстім (күлді). Өткен жылы өкпеге ауыр ота жасаттым. Ал фотоның өзін карантин кезінде жарияладым. Бәріміз үйде отырдық", - деді Есқалиев.
Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" ЖШС жұмысын сынға алып, басшылығын жұмыстан босатуды тапсырған болатын. Қажет болса тергеу шараларын да жүргізуге нұсқау берді. Ертесінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынды.
"СК-Фармация" басшысы атышулы фотосын не себепті алып тастағанын түсіндірді
2020-08-07 11:01:05