Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беріле ме: экологтар талабына министр жауап берді

2020-08-07 09:00:46
Павлодарлық қоғам белсенділері экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен кездесуінде Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беруді сұрады. Сондай-ақ, басқосуда өзен бойына қоршаған ортаға зиянды жаңа өндірістер салуға тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды SputnikNews.kz. облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Біз Ертіс бассейнінің жағдайын бұзатын және су көлемінің төмендеп, сапасының нашарлауына әкелетін бірқатар жобалармен бетпе-беп келіп тұрмыз", – дейді павлодарлық экологтардың бірі.
Ал министрдің айтуынша, бірнеше жыл бұрын Ертіс өзеніне резервуар мәртебесін беру үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасау қолға алынғанын атап өтті.

"Біз қазір оны сіздермен бірге талқылап, жетілдіруге әзірміз және қолдауға дайынбыз", – деді Мырзағалиев.

Қайсысы маңызды: экология немесе өнеркәсіп

Министр Павлодарда бұдан әрі улы өндіріс орындарын салмау туралы мәселеге де өз жауабын берді.

"Халықаралық тәжірибеде елді мекендердегі шығарындылардың мүмкін болатын лимитін анықтайтын "шартты экологиялық көпіршік" деген ұғым бар. Егер лимит көрсеткіші бойынша көпіршік жарылатындай деңгейге жетсе, онда өзге бір нысан жабылған жағдайда ғана жаңа нәрсе салуға болады. Бұл қазіргі кездегі жағдай, біз қазір осыған жақындап келеміз", – деді Мырзағалиев.


Болашақта Экологиялық кодексте дұрыс шешімдер қабылдауға түрткі болатын нормалар болады, деп сендірді ол.

"Тіпті, бүгінгі күні қоршаған ортаға әсер ететін кез-келген қауіпті өндірісті немесе зауытты салу кезінде қоғамдық тыңдаулар сияқты элемент бар. Жаңа кодекс жобасында біз қоғамдық пікірдің ықпалын күшейту сияқты тұжырымдаманы басымдыққа алдық", – деді министр.