COVID-19 жұқтырған 113 медицина қызметкері 2 млн теңгеден алды

2020-07-29 07:00:52
COVID-19-бен күреске тартылған 113 медицина қызметкеріне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтыруына байланысты 2 млн теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем төленді. Бұл туралы қордың Баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады AzattyqRuhy.kz.

ДСМ-нен МӘСҚ-қа төлемге барлығы 123 өтінім келіп түсті. Өңірлер бойынша ең көп өтінімдер Алматы қаласынан (46), Алматы (38) және Солтүстік Қазақстан облыстарынан (10) келіп түсті.

Қалған 10 өтінім бойынша деректерді ДСМ қосымша тексеруде. Нақтыланған мәліметтерді ұсынғаннан кейін бұл медицина қызметкерлеріне дереу төлем тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн. теңге;

– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн. теңге көлемінде төленеді.