Азаматтарымыз мемлекеттік қызметке жұмыссыздықтан немесе шарасыздықтан бармауы тиіс – Айдос Сарым

2020-07-27 15:00:46
Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мемлекеттік қызметке келетін жандарға қатысты өзіндік пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні мемлекеттік қызметте жүру оңай шаруа емес. Оның машақаты да көп. Ал егер осы салаға қызмет етем деп келдің бе, оның талабына сай болуың керек. Және біздің азаматтарымыз мемлекеттік қызметке жұмыссыздықтан немесе шарасыздықтан бармауы тиіс. Бұл өмірлік таңдау болу қажет. Дегенмен бұл мәселенің екінші жағы да бар. Өмір бойы мемлекетке қызмет етіп алатының 80 мың теңге болса тағы қиын. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметтің абыройы болуы тиіс. Мемлекет үшін отқа да түсіп, соттасып жатқан да азаматтарымыз бар. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің бәрі бірдей емес», - деді А. Сарым ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі агенттігінде өткен онлайн конференция барысында.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметте алдымен қаржы жымқырудың жолын кесу керек.

«Бүгінде бізде мемлекеттік қызметкер болудың процедурасы қиындап бара жатыр. Қазіргі уақытта кейбір мемлекеттік қызметкерлер артық қимыл жасаудан қорқады. Шенеуніктің бәрі бірдей емес, арасында жақсысы да, нашары да бар. Біз қазір соны ажыратып, жақсысының жақсылығын асыруымыз қажет. Тағы бір мәселе шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлердің дүние-мүліктері мен қосымша табыс көздерін жасыруы. Өзі мемлекеттік қызметте болғандықтан жеке кәсіптерін бала-шаға, ағайын-туыстарының атына жазып қояды. Бұл проблеманы да біржақты қылуымыз қажет. Сондықтан да мемлекеттік қызметке келген әрбір азаматтың декларациясында барлық мәлімет ашық түрде болуы шарт. Әсіресе шенеуніктер жағы халыққа шындықты жасырмағаны жөн. Бұл өз кезегінде оның адалдығы мен қазына қаржысын жымқыру мүмкіндігін болдырмайды», - деді ол.

Бұған дейін Айдос Сарымның елімізде сыбайлас жемқорлықпен күреске арналған детективті кітап жазып, фильм түсіру идеясын ұсынғандығын хабарлаған болатынбыз.