Қай сөзіңе сенейін, Қытай көрші!?

2020-07-25 17:00:40
Құрметті менің оқырмандарым! Әр ұлттың арманының биік шыңы - өз мемлекетін құру. Жер бетінде 2000- нан аса (кейбір деректерде 3000-ға жуық) ұлттар мен ұлыстар бар екен. Ал мемлекет саны 200-ге жуық қана. Бұл дегеніміз өз мемлекетін құрып, егемен ер болып тұру бақыты Жер бетіндегі ұлтар мен ұлыстардың 10%-іне ғана бұйырған екен. Біз сондай бақыт бұйырған ұлттардың қатарындамыз.

«Үй сатып алма, көрші сатып ал» - деген бар. «Көрші ақысы, тәңір ақысы» деген, сыйластыққа, татулыққа шақырған нақыл сөзді де ұмытпаған жөн. Біз жас мемлекетпіз, сондықтан болашақтан күтер жақсылықтардан үмітіміз зор. Дегенмен, «Өткен шақсыз, келешек болмайтыны (Без прошлого, нет будущего)» да естен шығармаған абзал.

Біздің маңдайымызға екі алып елмен көрші болу жазылыпты. Ресейдің сыры бізге мәлім, бірнеше ғасыр бодан болдық. Ресей отарлауының ең басты зардабы - қазақылығымызды, тілімізді, ділімізді өз тұғырына қондыра алмай келеміз.

Ал енді Қытай туралы не білеміз? Шындап келгенде, ештеңе де білмейміз-ау деп ойлаймын. Қытай туралы біздің бүгінгі білгеніміз эйфорияға толы. Ол эйфорияның орындысы бар, орынсызы бар - оның байыбына барып жатқанымыз да шамалы.

Ал енді өткенге көз жүгіртсек, осы екі көршіміз Ұлы Тұранды (Үлкен Түркістанды) екіге бөліп, Қазақтың біртұтастығын бұзғанын білуіміз қажет. 1864 жылы 7 қазанда Шәуешек қаласында Ресей мен Қытай «Қытай-Ресей солтүстік-батыс шекараны белгілеу келісіміне» қол қояды. Екі жақтық келісім бойынша Ертіс өзенінен көлденеңдеп, Памирге дейін тартылған бұл шекара сызығы қазақ жерін де, елін де екіге бөлді.

Шәуешек декларациясында Ресей мен Қытай қазақдеген атау пайдаланбайды: «Осыдан кейін екі мемлекет осы белгіленген шекара маңындағы өңірлерде отырған малшыларға таласпау үшін осы келісім құжаттар бір-біріне тапсырған (күшіне енген) күннен бастап, олар бұрыннан бері қай жерде мал бағып отырған болса,сол жерде малдарын бағып отыра берулері керек. Олар сол ежелгі қоныстарда орнығып отырып, шаруашылықтарымен шұғылдана берулері үшін, жер қай мемлекетке бөлінсе, онда отырған адамдар жерімен қоса, сол мемлекеттің басқаруында болады» (ҚЭ, Т.—478б).

Осыдан 160 жыл бұрын бұл маңды ҚАЗАҚТАР мекендеген. Бірақ декларацияда ҚАЗАҚ деген сөзді малшылар деген ұғыммен қасақана алмастырған боп тұр.

Қытай көршіміздің бізге деген көзқарасы осы Шәуешек декларациясынан бері көп өзгере қоймаған сияқты. Қазақстан жеріне келген Қытай компанияларының кейбір өрескел қылықтары, біздің заңдарымызды аяқ асты етуі осының көрінісі болса керек.

Қытаймен «достық» біздің еліміздегі сыбайлас-жемқорлықтың кең етек алуына да тікелей әсер етіп отырған сияқты. Біздің елдегі әлі «буыны қата қоймаған» шенеуніктер қытайлықтардың «ыстық ықыластары» мен «шексіз жомарттығына, мейірбандықтарына» төтеп бере алмауда десем, қателеспейтін сияқтымын.

Менің ақын ағам қауіп қылғандай:
«Жемқорлар өзіміздің адамдар ғой,
Қытай келіп қалмасын басып елді» (Әбдібек Аралбайұлы 2019ж)

Ал енді, бүгінгі Қытайдың өзіндегі қазақтар мен басқа да мұсылман бауырларымызды тәрбиелеу лагерьлері деп аталатын түрмеге қамап, зорлықпен қытайландыру жұмыстары, тілінен, ділінен, дінінен күштеп ажырату саясатының негізіде сол Шәуешек декларациясы екені анық.

Біздің егемендік алып, терезесі тең көрші болғанымызға 30 жылдай уақыт болса да, шығыстағы көршіміздің бізге деген көзқарасы әлі сол қалпында, өзгермеген сияқты. Әйтпесе қытайдың зиялылары мен басшылары қазақтың біртұтас екенін, «тоғайдағы еліктің тұяғы қақсаса, қырдағы арқардың мүйізі сырқырайтынын» білмей отыр дейсіз бе? Ал мемлекетаралық келісім-шарттарда Қытай көршіміз стратегиялық әріптесіміз, досымыз.

Ресми құжаттарда әріптес, дос дегеніміз болмаса, осы көрші тарапынан шынайы дос көңілі көрінбейді. Құдайы көршіміз еді, болашаққа тату-тәтті, сыйластықпен барайық деген пиғыл жоқ бұл Қытайыңызда. Мектептегі оқулықтарында Қазақстан жерінің жартысына жуығы қытайдікі деп балаларын оқытып жатыр.

Біздің жерімізге көзін алартып, сол алакөз пиғылын өзінің жас ұрпағына сіңіріп, ресми құжаттарда бекітілген әріптестік және достық идеясына қарсы, қарама-қайшы тірлік жасауда. Сонымен, бұл көршіміздің бізге қатысты сөзі бір жақта, ісі бір жақта болып тұр. Сөзі мен ісі қабыспай тұрған көршімен риясыз дос болуға ешкімнің де құлқы бола қоймас.

Өзбек ағайындармен жақын тұратын оңтүстіктің қазақтарында – «Өзіңе өзің берік бол, қоңсыңды (көршіңді) ұры тұтпа», - деген нақыл сөз бар. Сөз басында айтып кеткен Қытай туралы біздің білетініміздегі эйфорияның бір көрінісі көршіміздің «ұлылығын» мойындап, төменшіктейтініміз.

«Ұлық болсаң, кішік бол», -дейді атам Қазақ. Өзін социалистік елміз деп жариялап, коммунистік идеологияны ту ғып ұстанса да, Қытайда шынайы тең құқықтық интернациолизм жоқ болып тұр. Аз халықтар, ұлттар мен ұлыстарға қамқорлықтан гөрі, көрсетіп жатқан қысым көп. Сондықтан бұл көршіміздің «ұлылығын» сонша ұлықтауға негіз бар ма екен? Бұл «ұлылықтың» гуманитарлық-адамилық жағы ақсап тұрғаны көзге ұрып тұрған ақиқат.

Көршіміз «ұлы» екен деп, қазақтың біртұтастық идеясы мен жалпы қазақтың мүддесін тарихтың күресініне ысыра саламыз ба сонда? Дана бабаларымыздың қалдырған өсиетіне арқа сүйеуіміз керек-ау. Ол өсиет бойынша «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады».

Бізді алып көршілермен теңестіретін тек қана адамилық капитал мен білім ғана. Жарықтық Ғабең (Ғабит Мүсірепов) туралы мынадай бір әңгіме есіме түсіп отыр. Бірде Ғабең жас әріптестерімен әңгімелесіп отырып былай депті:

«Осы біз арғы бабамыз батыр болған, бергі бабамыз би болған, бәрі мықтылар болған деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Егер біздің арғы-бергі бабаларымыз соншалықты мықты болса, неге Ресейге, Қытайға, тіпті өз ағайындарымыз Өзбекке жер беріп қойдық?»

Ғабеңнің бұл сұрағына жауап ретінде әріптестері:

«Біздің бабаларымыз шынында да мықты болған, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осыншама жерді алып қалған», – деп жалтары жауап беріпті.

Жауапқа көңілі толмаған Ғабең сонда «Себебі біз олардың мәдениетіне өз мәдениетімізді қарсы қоя алмадық» деген екен.

Осыған шамалас ойды Шер-ағаң (Шерхан Мұртаза) да айтып кеткен: «Ашынған қарның тойынар, жыртылған киімің бүтінделер, одан кейін не істейсің?»- деп.

Қытай көршіміздің қай сөзіне сенеміз? Сондықтан ата-бабаларымыздың өсиетіне арқа сүйейік. Ал шығыстағы көршімен қарым-қатынасты «жеті өлшеп, бір кес» деген қағидамен жүргізген абзал шығар.


Нұғман Аралбай, биология ғылымдарының докторы, профессор