Түркістан облысы Шорнақ ауылындағы жағдай тұрақталды - полиция

2020-07-23 17:00:41
Түркістан облысының Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылындағы жағдай тұрақталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті ресми мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін әлеуметтік желіде бір топ азамат өздерінің наразылығын білдірген бейнежазба таралған болатын. Аталған оқиға Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылында болған тұрмыстық жанжалды жергілікті полиция қызметкерлері тоқтатқан еді.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына бірінші болып келген Кентау қалалық ПБ-нің учаскелік полиция инспекторы жанжалды тоқтату әрекет жасаған. Полиция қызметкері алған жарақатына және азаматтардың қарсылығына қарамастан өз міндетін атқарып, күш пен атыс қаруын қолдануға жол бермеген. Учаскелік полиция инспекторы мен үш ауыл тұрғыны лақтырылған тастан жарақат алған. Оларға медициналық көмек көрсетілген.

Ал, келесі күні Шорнақ ауылына жиналғандар жақын маңдағы ауыл тұрғындарын заңға қайшы әрекеттер жасауға шақырған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері бірден тоқтатты. Ауыл тұрғындарымен облыстың қоғамдық және әкімдік өкілдері кездесті.

«Жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 4 азаматты анықтап, ұстады. Оның 2-еуі соттың шешімімен қамауға алынды. Қазіргі уақытта орын алған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» делінген хабарламада.