Министр ауруханаларда неліктен видео түсіруге тыйым салынғанын түсіндірді

2020-07-21 17:00:45
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауруханаларда неліктен видеоға түсуріге болмайтынын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Медициналық стационарларға ұялы телефон кіргізуге болатынын түсіну керек. Ешқандай шектеу жоқ. Бір жағынан елдің бас санитар дәрігері видео түсіруге тыйым салған қаулысы бар. Бұл немен байланысты? Ең алдымен бұл науқастардың өзін қорғаумен байланысты", - деді министр.

Цой кей науқас жағдайына байланысты видеоға түсіруге рұқсат беруге шамасы келмеуі мүмкін екенін айтты.

"Науқас төсекте киімсіз жатқанда рұқсатсыз түсіретін жағдайлар көп кездеседі. Көптеген азамат өз сырқаты туралы жариялағысы келмейді. Азаматтардың жеке басын қорғауға қатысты көптеген этикалық жағдай бар. Сондықтан видеоға түсіруге тыйым салынған", - деп қосты ол.

Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанға коронавирусқа қарсы шетелдік вакцинаны әкелу туралы айтты.