Алматыда 3 млн дана медициналық маска тәркіленді

2020-03-24 11:00:39
Алматыда 3 млн дана медициналық маска тәркіленді
Алматы тұрғындарынан 3 млн маска мен 16 тонна спирт тәркіленді. Заңсыз сауда айналымынан алынған медициналық қорғаныш құралдары коронавируспен күресіп жатқан мамандарға беріледі, де хабарлайды Azattyq Ruhy.kz.

Медициналық бетперделер мен антисептикалық заттарды заңсыз әзірлеу және саудалауға қарсы өтіп жатқан рейд кезінде анықталған. Тәркіленген медициналық бетперделердің барлығы дереу қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасына берілген.

«Тәркіленген 3 млн. бетперде санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтілген режимде жүзеге асырып жатқан қаладағы барлық медициналық ұйымдарға бөлініп беріледі. Оның 2 миллионы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының медициналық қызметкерлеріне беріледі. Бүгінде олар провизорлық стационарлар мен изоляторларда, сондай-ақ, үй стационарындағы адамдарға медициналық бақылау жүргізіп жатыр. Қалған жеке қорғану құралдары эпидемиологтарға, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына, Ішкі істер, ТЖ, Ұлттық гвардия және т.б. департаменттердің қызметкерлеріне үлестірілді. Сонымен қатар, бетперделер Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлеріне де таратылды. Өйткені олар тәулік бойы 1308 нөмірі бойынша тұрғындарға барлық мәселелер жөнінде, соның ішінде коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы әрекет бойынша кеңес беруде», - делінген Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Рейдтік іс-шаралар кезінде 16 тонна спирт те тәркіленген. Дезинфекциялау құралы ретінде пайдалануға жарамды бұл сұйықтық Алматыдағы медициналық ұйымдарға берілмек.
Просмотров материала: 0