«Ұшақта кию үшін алғандар бар»: Нұр-Сұлтанда қорғаныш костюмдерге күрт сұраныс артты

2020-03-20 15:00:36
«Ұшақта кию үшін алғандар бар»: Нұр-Сұлтанда қорғаныш костюмдерге күрт сұраныс артты
Коронавирус инфекциясына байланысты туған үрейдің әсерінен дәріханаларда медициналық маскаға дефицит туғаны белгілі. Соңғы кездері халық маска ғана емес, қорғаныс костюмдерін де жаппай сатып алуға көшкен. «Azattyq Ryhy» Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы киім дүкендеріне хабарласып көріп еді, олар көптен бері қоймада жатқан қорғаныс костюмдерінің соңғы айларда тез өтіп кеткенін айтты.

«Қорғаныс костюмдері бізде тамыз айынан бері болды. Қоймада сақтап отырғанбыз. Қазір барлығы сатылып кетті. Завод енді қашан жеткізіп беретінін білмейміз. Себебі Ресейден алдыратынбыз. Енді шекара жабылып қалды»,- деді сатушылардың бірі.

Негізі костюмның екі түрі бар. Бірі – шаңнан, екіншісі – ылғалдан қорғайтын костюмдер. Адамдар көбіне ылғалға қарсы киімді алуға тырысады. Себебі, ол денені ұсақ бактериялардың түсуінен сақтайды. Бірақ қарапайым халық қолдану инструкциясын біле бермейді.

«Соңғы күндері қолымызда барын саттық. Адамдар келген кезде нұсқаулық бойынша кеңес беруге тырысамыз. Бірақ үрейдің әсерінен кейбіреулер айтқанымызды тыңдағысы да келмеді. Себебі, костюмды қандай жағдайларда кию керектігін білу керек. Тіпті, оны ұшақта киіп отыру үшін алғандар да болды.

Елестетіп көріңізші, қорғанам деп жолаушылар ұшағына қорғаныс костюмімен отырып алған ыңғайсыздау ғой. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша, вирустан қорғану үшін адамдар арасындағы қашықтық сақталып, жақын байланысты азайту керек. Көзге, мұрынға қол тигізбеу қажет», - дейді ол бұған қатысты.

Ал кей жағдайда маска мен комбинезондар, тіпті, керісінше вирустың таралуын күшейтуі де мүмкін екен. Себебі, жай адамдар кигеннен соң оны жойып жіберуді, яғни, утилизациялауды ойламайды.

«Кәсіпорындар қорғаныс костюмын белгілі бір ғимаратты, көлікті, жер учаскесін зарарсыздандыруға кию үшін алады. Ауруханалар да алып жатты. Бір костюмды бір рет қана киіп, сосын оны жою керек. Жұрт оны білмейді. Мысалы, ұшақта кидіңіз делік. Сосын инфекциясы бар аймақта болдыңыз. Енді қалай утилизациялауды білмесеңіз, өзіңізді қорғаудың орнына көп зиян табуыңыз мүмкін», - деп түсіндірді сатушы.

«Ұшақта кию үшін алғандар бар»: Нұр-Сұлтанда қорғаныш костюмдерге күрт сұраныс артты


Соңғы күндері дүкен 500 шақты қорғаныс костюмын сатқан. Тұтынушылардың арасында 10 мың данаға сұраныс жасағандар да болған. Олап алып-сатарлықпен айналысқысы келіпті.

Қаладағы «ЗУБР» деп аталатын құрылыс дүкенінің иесі Жеңіс Тоқтасынов та соңғы айларда қорғаныс костюмдеріне сұраныс артқанын жасырмайды. Ол адамдарды құрылыста пайдаланатын ылғал, шаң қорғаушы комбинезондарды химиялық қорғаныс костюмдерімен шатастырмауға шақырады.

«Біздің дүкенде негізі сұраныс техникалық маскаларға, респираторларға жоғарылады. Бірақ ол медициналық мақсаттағы маска емес. Ал комбинезондарды тамақ жеткізумен айналысатын мейрамханалар алып жүр. Шаң мен судан қорғайтын маскалар вируспен күресуге көмектесе қояды деп ойламаймын», - деп пікір білдірді ол.

Жоғарыда айтылған бір рет киіп лақтыратын комбинезондар 1000-1500 теңге тұрады.
Просмотров материала: 0