Ұлттық қордағы ақша мұнай бағасы 0 доллар болғанда ғана таусылады - Қарағұсова

2020-03-11 15:00:40
Ұлттық қордағы ақша мұнай бағасы 0 доллар болғанда ғана таусылады - Қарағұсова
Мәжіліс депутаты және төменгі палатадағы қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова егер мұнай бағасы арзандауын тоқтатпаса, Ұлттық қордан ақша алуға болады деп есептейді. Бірақ, депутат «Ұлттық қордың қаржысы мұнай бағасының әсерінен түгесіліп қалады қалады» деген пікірдегі кей сарапшылармен келіспейді, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

«Мұнай шикізатының әлемдік бағасы 0 долларға дейін түскен жағдайда ғана ақша жетпей қалуы мүмкін. Бірақ бұл гипотезалық тұрғыда да мүмкін емес. Қазір сарапшылар өте көп, бірақ сауаттылары аз. Мен олармен келіспеймін. Себебі, Ұлттық банк ақшасы құр тұрған жоқ, капитализация арқылы көбейіп жатыр. Оның үстіне, жыл сайын салық есебінен толығып отырады», - деді депутат.

Депутат Қарағұсова соңғы жылдары бюджеттің Ұлттық қорға тәуелділігі біртіндеп төмендеп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ мұнай бағасы қанша арзандаса да, 25 доллардан төмен болмайтынын айтты.

«Мен аналитик ретінде мұнай бағасы $25-дан төмен болуы мүмкін емес екенін білемін. Қазір мұнай бағасы объективті себептермен арзандады ма? Жоқ. Тек келіспеушілік әсерінен (Ресей мен Сауд Арабиясының - авт.) болды. Сондықтан бұл субъективті жағдайлардың әсері. Өкінішке қарай, нарық жағдайында кез келген дүние бюджетке, бағаға зиянын тигізіп жатады. Алайда, мен әлемде ақылды, саналы адамдардың басқалардан көп екеніне сенемін», - деді депутат.

Айта кетейік, әлемде мұнай бағасының төмендеуіне және коронавирусқа байланысты Үкімет бюджетті қайта қарап жатыр. Жақында түзетулер Мәжілістің қарауына беріледі.