Ақжарқын Тұрлыбай елге оралуы мүмкін - Бас прокуратура

2020-03-11 11:00:36
Ақжарқын Тұрлыбай елге оралуы мүмкін - Бас прокуратура
Бұл жайында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті. Оның айтуынша, Қытай сотының соңғы шешімі шыққаннан кейін үкім заңды күшіне енеді. Содан кейін Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында сотталғандарды өзара тапсыру тәжірибесіне сүйене отырып, жазасын өтеушіні елге қайтару жайы талқыланады, деп хабарлайды AzattygRuhy.kz.

«Бізде Қытай Халық республикасымен құқықтық көмек көрсету, қылмыскерді ұстап беру және экстрадициялау бойынша келісім бар. Отандасымыз (Ақжарқын Тұрлыбай - авт.) сот үкіміне шағым беріп отыр. Егер сот шағымын қабылдаса, онда Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстан тарапына да өтініш бере алады. Бұл жағдайда екі елдің Бас прокуратуралары Ақжарқынның жазасын өз елінде өтей алатындай бағытта жұмыс жүргізеді», - деді Марат Ахметжанов.

Марат Ахметжанов Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтаруға мүмкіндік барын айтты.

«Жалпы халықаралық шарттарда сотталған азаматқа өз елінде жазасын өтеуге рұқсат берілмейтін жағдайлар көрсетілген. Мәселен, ол босқын немесе саяси себеппен істі болған болса, онда одан бас тартуға болады. Ал егер осы санатқа жатпаса, онда екі тараптың шешімімен елге қайтаруға толық мүмкіндік бар», - деді Марат Ахметжанов.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында Гуанчжоу әуежайында ұсталып, оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. 2015 жылы Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2016 жылы бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілген.
Просмотров материала: 0