Сайрагүл Сауытбай батылдық үшін берілетін халықаралық сыйлыққа ие болды

2020-03-04 13:00:33
Сайрагүл Сауытбай батылдық үшін берілетін халықаралық сыйлыққа ие болды
Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай "Батылдық үшін" халықаралық әйелдер сыйлығының иегері атанды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми сайтында жазылған, деп хабарлайды SputnikNews.kz.

3 наурызда 2020 жылы "Батылдық үшін" халықаралық сыйлығын алған әйелдердің аты-жөні жарияланды. Арасында этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай да бар.

"2017 жылдың қарашасы мен 2018 жылдың наурыз айы аралығында Қытай коммунистік партиясы Сайрагүлді қамау лагеріндегі этникалық топтарға қытай тілін үйретуге мәжбүрледі. Лагерьге қамалудан қорыққан ол 2018 жылдың наурызында Қазақстанға қашты. Егер лагерьге қамалса, тірі қалмайтынын айтты. Сайрагүл Сауытбай Қытай комунистік партиясының мұсылмандарды қудалауы жайлы алғаш айтқан адамның бірі. Сол арқылы халықаралық қауымдастық алғаш рет Қытай коммунистік партиясының мұсылмандарды қудалау туралы саясатын білді", - делінген ақпаратта.

Қазір Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Швецияда тұрып жатыр.

Халықаралық сыйлық тағы 11 әйелге берілді. Марапаттау рәсімі 4 наурызда Вашингтонда жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10:00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 23:00-де) өтеді. Салтанатты шараға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен Американың бірінші ханымы Меланья Трамп қатысады.

2018 жылы International Women of Courage Award марапатын қазақстандық құқық қорғаушы Айман Омарова иеленген еді.

АҚШ мемлекеттік департаменті "Батылдық үшін" халықаралық сыйлығын ерекше батылдық пен көшбасшылық көрсеткен және бейбітшілік, әділеттілік, адам құқығы мен гендерлік теңдікті насихаттайтын әйелдерге береді.


Просмотров материала: 0