Кореяда "коронавирус жұқтырған" қазақстандықпен байланыс орнатылды - министрлік

2020-03-04 09:00:38
Кореяда "коронавирус жұқтырған" қазақстандықпен байланыс орнатылды - министрлік
Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда жүрген Қазақстан азаматының коронавирус жұқтырғанын жоққа шығарды, деп хабарлайды SputnikNews.kz.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, кеше, 3 наурыз күні Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілерінде, соның ішінде орыс тілді топтарда осы елде заңсыз жүрген қазақстандықтың коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат тараған. Тіпті, ол клиникадан қашып кетті деген ақпарат болған.

"Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі тиісті іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде бұл ақпарат расталмады. Жергілікті полициямен және біздің азаматпен байланыс орнатылған. Ол бұған дейін клиникаға бармағанын және коронавирустың бар-жоғын анықтайтын қандай да бір сынама тапсырмағанын жеткізді ", - деді Смадияров арнайы баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан азаматы коронавирусқа шалдыққан адам барған қоғамдық тамақтану орнында болған. Осыған байланысты оған және сол орында болған барлық адамдарға аурудың сыртқы белгілері анықталған жағдайда тест тапсыру қажет. Министрліктің ресми өкілі қазақстандықтың Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргенін растады.

"Отандасымыз барлық медициналық процедуралардан өтуге және жергілікті билікпен жұмыс істеуге дайын. Ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі корей орталығының ұсынысы бойынша біздің отандасымыз телефон арқылы күнделікті денсаулығына бақылау жүргізіп, үй карантинінде болуы қажет. Бұл ұсыныс аурудың сыртқы белгілерінің жоқтығына негізделген ", - деді Смадияров.
Просмотров материала: 0