Желіде видеосы тарап, елді таң қалдырған иттің есімі Мангус болып шықты

2020-03-03 09:00:39
Желіде видеосы тарап, елді таң қалдырған иттің есімі Мангус болып шықты
Таразда мүмкіндігі шектеулі, арбаға таңылған иесін итеріп, қауіпті көше қиылыстарында көмектесіп жүрген иттің видеосы әлеуметтік желідегілерді таң қалдырған. Адамның адал дос бола білген бұл иттің есімі Мангус екен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлеуметтік желіде кеңінен таралған бұл бейне халықтың таңданысын еріксіз тудырған болатын. Төрт аяқты хайуанның адам баласына деген адалдығын көргендер разылығын білдіріп, түрлі пікірлер қалдырды. Тұрғындарға жылулық пен мейірім сыйлаған итті көркем фильмдегі Хатикоға теңеп кеткен.

Бұл Тараз қаласының тұрғыны – Анатолий Григориұлы. Бейнедегі кейіпкер және иттің иесі осы адам. 70 жастағы қария Магнус есімді серігін базардан сатып алғанын айтады. 11 айлық адал досы 7 айдан бастап көмекке жарапты.

"Шамамен 1 жыл бұрын базарда 20 мың деп тұрған жерінен 15 мың теңгеге саудаласып алдым. Бірақ қандай тұқымдағы ит екенін білмеймін. Атын Магнус деп қойдым. Арнайы жаттығулар үйреткен емеспін. 7 айдан бастап арбаны итеріп, көмектесіп жүр. Еш уақытта аш қалдырмаймын, арнайы ас-ауқат алып отырамын", – деді қала тұрғыны Анатолий ДЕРБЕНЕВ

Анатолий Дербеневтың айтуынша, ақылды серігін сатып алу үшін арнайы келіп қомақты қаржы ұсынғандар да бар екен. Дегенмен отбасы мүшелерінің орнын басып отырған төрт аяқтыны сату ойында жоқ. Осылайша олар тараздықтарға адал достықтың үлгісін көрсетіп жүр.