Елімізде соңғы үш жылда психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну салдарынан туындаған психикалық мінез-құлықтың ауытқуы анықталған науқастар саны 1,2 есе кеміген. Дегенмен наркологтар адамның психикасына белсенді әсер ететін алкоголь өнімдері ,есірткі және психотроптық заттарды тұтынушылардың саны азаймағанын алға тартады.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мәліметіне көз жүгіртсек , биыл маусымның бірінші жұлдызына дейін 108 мыңға жуық отандасымыз динамикалық бақылауға алынған. Бұлардың 90 мыңға жуық тұрғын спиртті сусындарға , ал 18 мыңнан астам адам есірткі , психотропты заттарға тәуелділіктен емделу мақсатында дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

- Достарыммен кездесіп, көңіл көтеріп отырғанда бір жігіт әкелді. Темекіге қосып тартып , аспанға ұштым. Сосын денемде түрлі жәндіктер қаптап кетті. Олардан құтылуға жанталастым. Кейін ауруханада көзімді аштым. Ешнәрсе есімде жоқ. Денемді жәндіктерден тазалаймын деп, терімді тырнап зақымдап, үрейден қашып , өзімнің қандай күйде болғаным маған жұмбақ . Мұнда сол тәуелділіктен емделіп жатқан әкемдей кісілердің әңгімесін тыңдап, бұдан кейін «легалка» ешқашан тұтынбаймын деп шешім қабылдадым,- дейді алматылық Данияр. 25 жастағы жігіт естен тандырған психотропты заттан бас тарта ма, оны уақыт көрсетеді. Дәрігерлердің айтуынша мұндай тәуелділіктен айығу оңай емес.

Психобелсенді заттарды бір пайдаланғанда адамда эйфория, галлюцинация пайда болады. Нәтижесінде есінен айырған есірткі заттары адамның орталық жүйке жүйесінің қызметін тежейді. Ең сорақысы , науқастың уланған ағзасын есірткі заттарынан тазартқанымен оның санасын соған құмарлық жаулайды. Соған тәуелділік оны еркінен тыс ,оны жіпсіз байлайды. Адамның санасын улаған дерттен арылу үшін мамандар кешенді емдеу шараларын жүргізеді.

-Дәрігерлер психотропты заттарды бір рет тұтынған адамның есін жиғызу үшін екі апта алысады. Оған тәуелді адамды емдеу өте күрделі процесс . Қазақстанда медико -әлеуметтік сауықтыру жүйесі бар. Ол үш кезеңнен тұрады; детоксикация, психотерапия және әлеуметтік сауықтыру. Есірткіге, психотропты заттарға , алкоголь өнімдері тәуелді адамдарды дертінен айықтыру үшін 9 ай емделу керек.

Науқастармен психологтар, психотерапевтер, әлеуметтік қызметкерлер , еңбек нұсқаушылары кешенді түрде көмек көрсетеді. 26 маусымда есірткі құралдарын пайдалануға және олардың заңсыз айналымына қарсы күрестің халықаралық күні қарсаңында 26 мамырда айлық шара басталды. Еліміздің бірнеше ведомоство өкілдері есірткі мен синтетикалық препараттарға таралуы, оны тұтынудың алдын- алуға байланысты шаралар өткізіп жатыр,- Республикалық психикалық денсаулық ғылыми- практикалық орталықтың бас директоры Қуаныш Алтынбеков.


-Ресми көрсеткіш пен шынайы деректің арасында қарама-қайшылық бар. Мұның себебін тарқатып айтатын болсақ, ата-аналар көбінесе баласының , туысының ащы суға құмар немесе есірткінің құлына айналғанын жасыру мақсатында лицензиясы және медициналық білімі жоқ тәуіп, емшілерге емдетеді. Науқастардың туыстары «наркологиялық тіркеуге алады, көршілерден, ағайындардан ұят болады» деген елдің сөзінен қашып, психикалық денсаулық орталықтарына жоламай жүргенін жасырмайды, - деп Мәди Тоқанов тақырыпты жалғастырды.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодардағы филиалының аға дәрігері Мәди Тоқановтың айтуынша адамның ойлау қабілеті, мінезіне , өмір сүру салтына әсер ететін заттарды ұзақ уақыт тұтынудың салдарынан науқастың бойында бірнеше ауру пайда болады.

-Мысалы, арақ құмар адам гепатит, бауыр циррозы дертіне шалдығады. Спиртті сусындарды үздіксіз тұтыну салдарынан психикалық ауытқуы пайда болады. Елес көру, өзінен-өзі үрейлену сияқты . Ал есірткі, психотропты заттар бүкіл ағзаны улайды. Орталық жүйке жүйесінің қызметін тежейді. Бұған тәуелді адамдар өмірін 20-25 жылға қысқартады. Ақыл -есінің кемуі, есате сақтау қабілеті тежеледі, шизофрения сияқты кеселдерге шырмалады, -дейді дәрігер.

Сонымен бірге елімізде маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын-алу мақсатында еліміздегі барлық психикалық денсаулық орталықтарында дерттің қауіптілігі , денсаулыққа зияны жайында психологтар ақпараттандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізеді.

Авторы: Жазира Бегалы