"Құрметті достар және әріптестер! Кәсіби мерекеміз – медициналық қызметкерлер күні қарсаңында сіздерге алғыс айтқым келіп отыр. Менің ісіме қатысты тексеру жүріп жатқалы бері қолдау көрсетіп, сенім білдіргендеріңіз үшін өз атымнан және отбасымның атынан рахметімді жеткізгім келеді. Денсаулық тілеп, жеңіске жетуіме қолдау білдірген мыңдаған хабарлама аламын. Оның әрқайсы маған күш береді.

Осы орайда, аталған ақылға қонымсыз кінәлау ісінде ең әуелі өз отбасымның абыройын, Біртановтар әулетінің беделін қорғап қалғым келеді.

Бұл соғыс ардагері атамның, көп жыл дәрігер болып еңбек еткен ата-анамның, бүкіл өмірін елі үшін еңбек етіп, медицина саласын дамытуға үлес қосқан әкем – Амантай Біртановтың абыройын қорғау.

Бірі Қазақстан дипломатиясында 25 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан, екіншісі Ұлттық банктың дамуына 25 жыл үлес қосқан ағаларымның беделін қорғау. Біртанов фамилиясын иеленгені үшін келешекте ұятқа қалмасын деген мақсатпен балаларымның абыройы. Біздің әулет отанға адал қызмет етіп келеді. Біз үшін бұл бәрінен де маңызды.

Сондықтан халқыма қарсы әрекет етіп, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен ешқашан келіспеймін. Мен өзімнің кінәсіз екеніме сенімдімін және бұған қанша уақыт пен күш кетсе де дәлелдеймін.

Қамауға алынған алғашқы күннен бастап осы уақытқа дейін маған қатысты қылмыстық істі менің денсаулық сақтау министрі ретінде коронавирус пандемиясымен күресу кезіндегі қызметіммен әдейі байланыстыруға талпынады.

Мынаны айтқым келеді, 2020 жылдың алғашқы күндерінен бастап сол жылдың маусым айының ортасында ауруханаға түскенге дейін әріптестеріммен бірге қиын жағдайда, адамзатқа беймәлім вируспен қолда бар мүмкіндікпен ғана күресуге мәжбүр болдық. Өздеріңізге мәлім, бүкіл әлемде жаңа вирус туралы ғылыми ақпарат жеткіліксіз еді. Шекаралар жабылып, көптеген ел дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен жабдықтарды экспорттауды тоқтатты.

Сонымен қатар карантиндік шектеулерді сақтау мен мемлекеттік органдар арасында өзара әрекеттесуде қиындықтар кезікті. Бірақ Үкімет, Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссия, Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және медицина қызметкерлерінің бәрі пандемияның алғашқы айларында осындай беймәлім және қиын жағдайда халықты қорғау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Еліміздің дәрігерлері жанқиярлық ерлік көрсетіп, солардың еңбегінің арқасында індетті жеңіп, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалдық!

Өкінішке қарай, басқа мемлекеттер секілді біздің елде де бүкіл халықты инфекциядан қорғай алмадық. Пандемияның бірінші жылында да, одан кейінгі 2021 және қазіргі 2022 жылы да көптеген азаматтарымыздан айырылдық.

Жақындарынан айырылғандарға қайғырып көңіл айтамын!

Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, тәулік бойы жұмыс істедік, жауапкершіліктен қорықпадық. Мақсатымыз халқымызды қорғау болатын, қажетті шешімдерді қабылдадық. Бірақ мен және әріптестерім ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа жол бермегеніміз анық! Мұндай болған да емес, болуы да мүмкін емес! Мені айыптаған «қылмыстың» індетпен және оның зардаптарымен күресуге еш қатысы жоқ. Оның үстіне, мәселе пандемия басталмастан әлдеқайда көп уақыт бұрын басталған жобаға қатысты.

Күдіктінің, одан кейін айыпталушының рөлінде болғанымда азаматтарды қылмыстық қудалау жүйесінің қаншалықты біржақты, біліксіз және жиі заңсыз жұмыс істейтінін көрдім. Оны құқық қорғау органдары деп атау өте қиын. Сондықтан өз құқығымды қорғай отырып, әріптестеріме – кәсіби міндеттерін орындау кезінде немқұрайлылық пен қиянат жасады деп заңсыз айыпталған медицина қызметкерлеріне көмектескім келеді. Әріптестерімнің өз құқықтарын, оларды қорғайтын Заңдарды біліп, түсініп, өздерін және кәсібін қорғағанын қалаймын. Өйткені, Ата Заңымыз еліміздің әрбір азаматына осындай құқық береді!

Сөз соғында, әріптестерімді тағы да бір мәрте келе жатқан медицина қызметкерлері күнімен құттықтағым келеді. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, шыдамдылық, оптимизм, жақсы көңіл-күй тілеймін! Біз халқымыздың денсаулығы мен әл-ауқатының артуға әрқашан адал болатынымызға сенімдімін.

Бiз біргеміз!".

Елжан Біртанов, бұрынғы денсаулық сақтау министрі

Дереккөз: facebook