Қызылордада тақтатас газын өндіру үшін жер қыртысы қопарылуы мүмкін

2022-06-09 12:20:17
Бүгін Сенатта депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылорда облысының оңтүстігі мен Түркістан облысының солтүстік бөлігінде тақтатас газын өндіруге қатысты заң жобасына өз наразылығын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Біріншіден, Қазақстанда тақтатас мұнайын өндіретін өндірістік технология жоқ. Қазір дүнежүзінде тегіннен тегін келіп жатқан газ, яғни ілеспе газ жағып отырған санаулы мемлекеттердің қатарындамыз. Газ кен орындары Қазақстанда жеткілікті. Солай бола тұра, тақтатас газын өндіруді заңға енгізудің қандай қажеттігі бар? Тақтатас мұнайын өндіру біз тұрмақ, бұл салада бізден алда тұрған Ресейде де жоқ. Мұнай өндірудің бұл тәсілін АҚШ тиімді іске асырып отыр.

Екіншіден, менің білуім бойынша осы тақтатас газ кеніштері еліміздің экологиясы нашар аймақ саналатын Қызылорда облысының оңтүстігі мен Түркістан облысының солтүстік бөлігіне жақын маңда орналасқан. Бұл халықтың қалың орналасқан жері. Қызылорда өңірі ежелден экологиялық қауіпті аймақ саналады. Ал тақтатас газды жердің қыртысын қопару арқылы өндіреді. Сонда онсыз да экологиялық қауіпті аймақта тұрған өңірде тақтатас газын өндірудің не қажеттігі бар? Бұған қоса, заңға жемқорлыққа жол ашатын тетіктерді енгізіп отырғанымыз жоқ па?», - деді депутат.

Оның айтуынша, егер табиғи газ жеткілікті болса, газ кен орындары әлі толық игеріліп болмаса, қыруар қаржы бөліп тақтатас мұнайын өндірудің қажеті жоқ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бұл сұраққа былай жауап берді:

«Қызылорда өңірінде тақтатас газы бар. Сондықтан оны реттеуіміз керек. Бүгін бұл сала керек емес деп отырмыз. Бірақ тақтатас газын өндіруге инвесторлар келе ме, келмей ме, бір Алла біледі. Осыдан 10 жыл бұрын тақтатас газын өндіру мәселесі көтерілді, тақыланды, сонда инвесторлардың қызығушылық танытқанын байқадық», - деді министр.