«Жертөле болса да алсам деймін»: Қытайдан келген қандас астанада үй ала алмай жүр

2022-06-09 08:20:16
Қытайдың Баркөл Қазақ автономиялық ауданынан атажұртына қоныс аударған әкесі мен қызы елордада баспаналы болуды армандап жүр. Қандас мәртебесіне ие азамат мемлекет тарапынан тиісті көмектің бәрін алған. Алайда үкіметтің берген үйі мен қандасымыздың қоныс аударған елді мекені жанға жайсыз болып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жүсіп Өмірзақ атажұртқа оралғаннан кейін, алғашқы жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы Пакровка ауылында тұрған. Бірақ ондағы әкімдік берген үйдің сапасы сын көтермеген. Одан бөлек, жалақысы жақсы жұмыс табу да қиынға соғыпты.

«Ауылдағы әкімдік жұмыс ұсынды. Бірақ оның жалақысы 40-50 мың теңге аралығында. Ол күнделікті тұрмыс-тіршілікке жетпейді ғой. Үйді бес жылдан кейін сатып аласыздар деген. Оған үйдің сапасы нашар», - дейді Жүсіп.

Қызының болашағына алаңдаған Жүсіп Өмірзақ көп ойланбастан, Нұр-Сұлтан қаласына көшуді жөн көрген.

«Осы жақта тұрсам деймін, мұнда таныстарым көп. Ол жақта ешкімім жоқ. Бұл жақта жұмыс тапқанға да жақсы», - дейді Қытайдан келген қандасымыз.

Отбасының әзірге тұрақты баспанасы жоқ. Алайда ол жертөледе де тұруға дайын екенін айтады.

«Жертөле болса да алсам деймін. Бірақ оған шамам жетпей тұр. Қымбат екен. Бір баспанамыз болса екен дейміз. Тіпті жертөле болса да қуанамын», - дейді ол.

Жүсіптің қызы Мәншүк биыл Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскен. Мәншүктің әсіресе математикаға қабілеті мықты. Бірақ оқушы қыз Қазақстандағы мектептердің сыртқы көрінісі мен ішкі тәртібі көңіл көншітпейтінін айтты.

«Қытайдағы мектептердің ішінде жағдай көп жасалған. Сондай-ақ ол жерде тәртіп бар. Ал бұл жақта оқушылар мұғалімді тыңдамайды екен. Мектептердің сырты біртүрлі», - дейді Мәншүк.

Сондай-ақ Мәншүк Қытайдағы қазақ балалары оқитын мектептердегі қазақ тілінің мәртебесі бүгінде түсіп бара жатқанын алға тартты.

«Қазақстанда қазақша сөйлейсің. Қытайдағы мектептерде қазақша сөйлеуімізге шектеу қояды. Мұғалімдердің барлығы қандай сабақ болмасын, қытай тілінде сөйлейді. Жалпы ол жақта қазақ тілі жойылып бара жатыр. Ал мұнда қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы деген сияқты сабақтар өз ұлтымызды, мемлекетімізді жақсы тануға мүмкіндік береді», - дейді оқушы қыз.

Атажұртында түрлі қиындықтарға тап болып жатса да, Жүсіп Өмірзақ өзінің қызы үшін қуанышты. Сондай-ақ еліне деген сүйіспеншілігі шексіз екенін жеткізді.

«Қызымның болашағы үшін, осы қызым «қазақ болып жүрсінші» деп Қытайды тастап кеттік. Елім деп, жерім деп келдік. Қытайдан келген кезде қатты қуанғанмын. Бала кезімнен армандайтынмын. Қытайда жағдай қанша жақсы болса да Қазақстанды сағынып жүретінмін. Мен қазақ шығармаларын көп оқығанмын. Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев. Содан ұлттық рухым оянған болуы керек. Осы жақты жақсы көремін. Тұрмыстық жағдайым мәз болмаса да көңіл күйім керемет, ата жұртыма келгеніме қуанып жүрмін. Өйткені қызымды өзім ойлаған мектепке түсіре алдым. Қазақ елінде жүргенімді мақтан тұтамын. Қазақ елін сүйемін», - дейді Жүсіп Өмірзақ.