Ұзынағаштықтар дабыл қақты: жолда екі аптада үш баланы көлік қаққан

2022-06-08 08:20:18
Алматы облысында жол апатынан ауыр жарақат алған 13 жастағы бала жансақтау бөлімінде жатыр.

Мектеп оқушысын жүк көлігі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда қаққан. Жантүршігер жайтты естіген Ұзынағаш ауылының тұрғындары бас көтерді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жұрт елдімекеннің шыға берісіндегі республикалық трасса қауіпті жолға айналып, екі аптада үш бірдей баланы көлік қаққанын айтады. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған қараша "Сергек" камерасын орнатуды талап етеді.

Ұзынағаш ауылының шыға берісіндегі республикалық маңызы бар трассада жол апаты жилеген соң жақында жаяу жүргіншілер жолағы сызылған. Алайда жоғарғы жылдамдықпен жүйткіген жүргізушілерге бұл белгі кедергі болмай тұр. Күні кеше осы жолақпен жүріп өткен 13 жастағы баланы көлік қағып кетті.

Ауыр жарақат алған жеткіншек жансақтау бөлімінде жатыр. Түс ауа кітап аламын деп үйінен шыққан 6-сынып оқушысы мектепке жете алмай, ауруханадан бір-ақ шықты. Баланың бауыры езіліп, миы шайқалған.

Көлік қозғалысын реттеу үшін міндетті түрде адам қазасы болу керек пе, дейді баланың анасы.

"Баламның көк бауырын алып тастады. Жеңіл палатаға шығара алмаймыз әлі. Үш сағатта аппаратқа апарамыз дейді. Осы жол әлі қаншама баланың өмірін ойрандайды. Жолға дұрыстап камера қою керек, жүргіншілерге арналған жол қою керек. Екі жыл бұрын әкімдікке талай айтқанбыз. Ақыр аяғы 15 күннің ішінде үш баланы қағып кетіп отыр", - дейді Гүлзира Қанатбек.

Тас жолдың бойындағы 200-ге жуық үй Ұзынағаш ауылына кейіннен қосылған. Қараша күре жолда көліктер құйындай зуылдап, алдынан шыққанын басып өтуден тайынбайды деп күйінеді. Жол республика бойынша ең ірі екі бірдей мал базарына да апарады. Жұрт жылдамдықты асыратын жүргізушілерге тұсау салудың жалғыз жолы –"Сергек" камерасын орнату деп отыр.

"Ұзынағаш автожолына кірме жол. Ұзындығы алты шақырым. Жаяу жүргіншілер жолының біріншісін орнаттық. Енді екі жерге тағы орнатамыз. Бір жетінің көлемінде орнатамыз. Жол белгілеріне тапсырыс берілді. Камераға қатысты біз жауап бермейміз", - дейді "Қазавтожол" ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалының бас инженері Ермек Ихиев.

Ал "Жол активтері ұлттық сапа орталығының" өкілдері осы жолдың бойындағы жолақтар мен жол белгілерін жаңартуды ұсынған. Яғни бояуы кетіп ескірген ескертпелер көктемде ауыстырылуға тиіс еді.

Ал ауыл округінің әкімі "қауіпті жолға камера орнату қажет деген ұсыныс" құзырлы органдарға жолданғанын жеткізді.

"Осы мәселеден хабарымыз бар. Соңғы жол апаты бойынша сараптама жүргізілді. Бюджетке қарасты өтініш білдірдік. Ұзынағаш ауыл округі бойынша түгелдей камерамен қамтуға. Мәслихат сессиясымен қаражат бөлінгеннен кейін бәріне орнатылады", - дейді Ұзынағаш ауылы округінің әкімі Бақыт Бейсенбаев.

Алайда қазынадан қаражат қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар бейнебақылау камерасын орнату мәселесін жеделдетуді талап етеді. "Қара жол әлі талай адамның тағдырын талқандауы мүмкін", дейді төзімі таусылған жұрт.